ҚР ПІБ МО ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

қр піб мо ұлттық госпиталі

Ыстықта өзіңізге қалай көмектесуге болады?

Бұл күндері Қазақстанның барлық қалаларында рекордтық ыстық ауа райы сақталуда. Қазір Алматыда ауа температурасы 41 градусқа дейін жетті. Айдың басынан бері қалада жедел медициналық жәрдем қызметіне 40 мыңға жуық адам жүгінген. Олардың басым бөлігі артериялық қан қысымының жоғарылауы және жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты көмек сұраған.Британдық ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, аптап ыстықты ең ауыр көтеретіндер – созылмалы аурулары бар егде жастағы адамдар мен әйелдер. Әйелдердің ағзасындағы жылу алмасу ерлерге қарағанда баяуырақ жүреді, ал гормондық ерекшеліктер бұл жағдайды одан әрі қиындатады.
 
Жаз әлі ортасына ғана жеткендіктен, ыстық ауа райы біраз уақытқа дейін жалғасады. Сондықтан Ұлттық госпитальдің кардиология бөлімінің меңгерушісі Есенқұлова Сезім Мелісқызының келесі кеңестеріне назар аударған жөн:
 
  • Күннің ең ыстық уақытында (шамамен сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін) күн астында ұзақ болудан аулақ болыңыз.
  • Ағзадағы сұйықтық теңгерімін сақтаңыз. Алайда жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер дәрігер ұсынған сұйықтық мөлшерін қатаң ұстануы қажет.
  • Ағзаның қызып кетуіне жол бермеңіз: кондиционер немесе желдеткіш пайдаланыңыз, салқын душ қабылдаңыз, жеңіл әрі ашық түсті киім киіңіз.
  • Аптап ыстық кезінде ауыр дене жүктемелерінен бас тартыңыз. Серуендеуді таңертеңгі немесе кешкі уақытқа жоспарлаған дұрыс.
  • Артериялық қан қысымын тұрақты түрде бақылаңыз. Өйткені ыстық ауа райы қан қысымының төмендеуіне де, жоғарылауына да себеп болуы мүмкін.
  • Дәрігер тағайындаған дәрілерді қабылдауды тоқтатпаңыз. Қан қысымы айқын төмендесе, қатты әлсіздік немесе бас айналу байқалса, емді түзету үшін міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.
  • Сусыздануға жол бермеңіз. Себебі ол тромбоз қаупін арттырады, әсіресе жүректің ишемиялық ауруы, жүрекшелердің фибрилляциясы бар және инсульт алған адамдар үшін өте қауіпті.
  • Алкогольді ішімдіктерден бас тартыңыз. Олар ағзадан сұйықтықтың жоғалуын күшейтіп, жүрек ырғағының бұзылуына себеп болуы мүмкін.
  • Жеңіл тағамдарды таңдаңыз. Көкөністерге, жеміс-жидектерге және майы аз тағамдарға басымдық беріңіз.
  • Қатты ыстық кезінде егде жастағы адамдарды және жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерді қараусыз қалдырмаңыз.
Как помочь себе в жару