Ұлттық госпитальдің нейрохирургия бөлімшесі бас миы, жұлын және шеткері жүйке жүйесіне жоғары технологиялық ота жасауды қоса алғанда, заманауи мамандандырылған нейрохирургиялық көмектің толық спектрін көрсетеді.
Соңғы 10 жыл ішінде бөлімшеде 9 000-ға жуық сәтті нейрохирургиялық ота жасалды. Жыл сайын 1 000-нан астам күрделі ота орындалады, бұл бөлімшенің жоғары клиникалық белсенділігі мен мамандардың кәсіби сараптамалық деңгейін айғақтайды.
Бөлімшеде бас миының тамырлық аурулары, орталық жүйке жүйесінің ісіктері, омыртқаның дегенеративті аурулары, созылмалы ауырсыну синдромдары, сондай-ақ туа біткен нейрохирургиялық патологиялар кезінде оталар жасалады. Клиникалық тәжірибеде эндоваскулярлық, микрохирургиялық, эндоскопиялық және аз инвазивті технологиялар кеңінен қолданылады. Бұл емдеудің қауіпсіздігі мен тиімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Бөлімше нейрохирургтері АҚШ, Жапония, Түркия және Оңтүстік Кореяның жетекші нейрохирургиялық орталықтарында тағылымдамадан өткен және біліктілігін арттырған. Мамандар жыл сайын Еуропа, АҚШ және Азия елдерінде өтетін халықаралық ғылыми конгрестер мен конференцияларға қатысады.
Бөлімше ғылыми және білім беру қызметімен белсенді айналысады. Ұжым құрамында 3 PhD докторант, 4 қоғамдық денсаулық сақтау магистрі және 3 MBA дәрежесі бар дәрігер жұмыс істейді.
Соңғы 10 жылда бөлімше қызметкерлері ҚР Ғылым және жоғары білім сапасын қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 10-нан астам ғылыми мақала, сондай-ақ Scopus деректер базасында (Q1–Q3) индекстелетін халықаралық рецензияланатын журналдарда 10-нан астам мақала жариялады.
Бөлімшеде тұрақты түрде халықаралық конференциялар мен шеберлік сабақтары өткізіледі. Жақын және алыс шетел клиникаларының жетекші нейрохирургтерімен бірлескен консилиумдар ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда бірлескен емдеу жүргізіледі.
Бөлімше нейрохирург мамандарын даярлаудың клиникалық базасы болып табылады. Қазақстаннан және Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Үндістан, Моңғолия, Уганда елдерінен 30-дан астам маман бөлімше базасында тағылымдамадан және клиникалық оқытудан өтті.
Клиникалық қызмет көлемінің жоғары болуы, заманауи технологиялар, халықаралық ынтымақтастық және ғылыми белсенділік бөлімшеге өңірдегі нейрохирургиялық көмекті көрсетуде жетекші орын алуға мүмкіндік береді.
Бөлімшеде орындалатын оталар
Эндоваскулярлық оталар
Бас миы тамырларының аневризмасы, артериовеноздық мальформациясы, артериовеноздық фистуласы, каротидті-кавернозды соустье кезінде эндоваскулярлық эмболизация;
Жұлын тамырларының артериовеноздық мальформациясы мен фистуласы кезінде эмболизация;