Қазіргі уақытта урология саласында кездесетін ауру түрлері көп. Біз осы тақырып жайлы Ұлттық госпитальдің уролог дәрігері Темірлан Оразғаливпен сұхбаттасқан едік.
Урология саласында жиі кездесетін ауру түрі қандай?
Қазіргі урологиялық практикада біз көбінесе несеп-тас ауруымен және несеп шығару жолдарының инфекцияларымен жиі бетпе-бет келеміз. Алматы тұрғындары арасында несеп-тас ауруы өте көп таралған. Басты себеп – ішетін судың құрамы және дұрыс тамақтанбау. Сондай-ақ «өркениет аурулары» деп аталатын, жасқа байланысты андрогендік тапшылық пен эректильді дисфункция бойынша келетіндер саны артып келеді. Созылмалы күйзеліс пен қозғалыстың аздығы салдарынан бұл аурулар айтарлықтай «жасарып» кетті.
Бүйректің кистасы, бүйректегі тас, құм, бүйректің төмен түсуі және қатерлі, қатерсіз ісіктер секілді ауруларды жиі естиміз. Осыдардың пайда болу себептеріне тоқтала кетсеңіз.
Бұған бір емес, бірнеше факторлардың жиынтығы себеп:
- Тас пен құм: Зат алмасудың бұзылуы, таза суды аз ішу (судың орнына шай немесе тәтті сусындарды қолдану) және климаттық ерекшеліктер.
- Кисталар: Көбінесе бұл генетикалық бейімділік немесе бұрын болған қабыну процестерінің салдарынан туындайды.
- Бүйректің төмен түсуі (нефроптоз): Салмақты тез жоғалту, ауыр физикалық жүктемелер немесе туа біткен дәнекер тіндерінің әлсіздігі.
- Ісіктер: Мұнда экологиялық орта, шылым шегу және жыл сайынғы профилактикалық тексеруден өтпеу де үлкен рөл атқарады. Бүйрек – «үнсіз» ағза, сондықтан ісіктер көбінесе кездейсоқ анықталып жатады.
Ер азаматтар арасында простатит ауруының өршуі.
Простатит тек егде жастағы адамдардың ауруы болудан қалғалы қашан? Бұл аурудың белең алуының негізгі себебі – тоқырау құбылыстары. Біз уақытымыздың көбін кеңселерде немесе көлік кептелісінде отырып өткіземіз. Дегенмен, маңызды бір жайтты түсіну керек: көбінесе простатит маскасының астында «созылмалы жамбас ауруы синдромы» жасырынуы мүмкін. Оның себебі инфекцияда емес, өмір салтында, күйзелісте және тамырлардың жағдайында. Соңғы кезде статистиканың өсуіне ерлердің өз денсаулығына мұқият бола бастағаны және жағдайды ушықтырмай, дәрігерге жиірек жүгінетіні де септігін тигізуде.
Әйелдерде қандай ауру түрлері жиі кездеседі?
Әйелдер урологиясы – бұл ең алдымен циститтер (өткір және қайталанатын) және зәрді ұстай алмау мәселелері. Өкінішке қарай, біздің қоғамда зәрді ұстай алмау тақырыбы әлі де ұят саналады, сондықтан көптеген әйелдер мұны жасқа байланысты қалыпты жағдай деп есептеп, жылдар бойы төзіп жүре береді. Бұл – қате түсінік. Біз мұндай науқастарды заманауи еуропалық хаттамалар бойынша емдейміз. Тиімді консервативті және аппараттық әдістерді қолдана отырып, олардың өмір сүру сапасын толық қалпына келтіруге мүмкіндік бар.
Бүйрек, қуық ауруларының алдын алу үшін қандай кеңестер бере едіңіз?
Алматының ауа райы құбылмалы: ыстық, суық, кенеттен жауған жаңбыр немесе қар – мұның бәрі ағза үшін үлкен сынақ. Сондықтан менің негізгі кеңестерім:
- Ауа райына сай киініңіз: Қабыну процестерінің негізгі себебі болатын суық тиюден сақтаныңыз.
- Су ішу режимін сақтаңыз: Күні бойы таза суды жеткілікті мөлшерде ішіңіз.
- Физикалық белсенділік: Үнемі қозғалыста болу және жаяу жүру. Кіші жамбас ағзаларында қанның іркілуін (тоқырауын) болдырмау өте маңызды.
- Тұрақты тексерілу: Жылына бір рет міндетті түрде бүйрек УЗИ-інен өтіп, зәр мен қанның жалпы талдамасын тапсырыңыз. Бұл қарапайым қадамдар ауруды ерте анықтауға көмектеседі. Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда. Дәрігерлердің «ең жақсы ота – алдын алу шараларының арқасында жасалмай қалған ота» деген ерекше қағидасын ұмытпаңыздар.


