ҚР ПІБ МО ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

қр піб мо ұлттық госпиталі

Жастардың сұрақтары өткір, білімге деген құштарлығы жоғары

15 шілде – Дүниежүзілік жастар дағдылары күні. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы 2014 жылы жастарды кәсіптік оқытудың, олардың дағдыларын дамытудың, жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығын көрсету мақсатында бекіткен.
 
Медицина саласында жас маманның кәсіби қалыптасуында тәжірибелі мамандардың тәлімгерлігі ерекше рөл атқарады. Тәлімгерлер жас дәрігерлерге теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға, клиникалық шешім қабылдауға, жауапкершілікті сезінуге және командада жұмыс істеуге көмектеседі.
 
Ұлттық госпитальдің сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, доцент, бірінші санатты тәлімгер Мағжан Садықовтың айтуынша, медицина үздіксіз ізденіс пен білім жетілдіруді талап етеді.
 
- Технологиялар дамып, диагностика мен емдеудің жаңа әдістері тұрақты түрде енгізіліп келеді. Алайда ешбір заманауи құрал тәжірибелі тәлімгердің орнын баса алмайды. Аға буын мамандарымен бірге жұмыс істеген жас дәрігер кәсіби дағдылармен қатар, клиникалық пайымдауды, дұрыс шешім қабылдауды және науқас алдындағы жауапкершілікті үйренеді. Сондықтан тәлімгерлік мықты медициналық команда қалыптастырудың маңызды бөлігі, – дейді ол.
 
Бөлімшеде жас мамандардың сұрақ қоюына, пікір алмасуына және тәжірибелі әріптестерден практикалық кеңес алуына жағдай жасалған. Бұл олардың өз мамандығын терең меңгеруіне, қателіктердің алдын алуға және медициналық көмектің қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
 
- Біз ұжымда өзара түсіністік пен құрметке негізделген орта қалыптастыруға тырысамыз. Жастар өткір сұрақтар қоюдан қаймықпайды, ал тәжірибелі мамандар білімдерімен бөлісіп, кәсіби дамудың әр кезеңінде қолдау көрсетуге дайын. Жас мамандарға ізденісті тоқтатпай, білімге деген құштарлығын сақтап, жаңа жетістіктерге жете берулерін тілеймін, - дейді Мағжан Садықов.
 
Мамандардың пікірінше, ұрпақтар сабақтастығы мен жүйелі тәлімгерлік тек жас дәрігердің дамуына емес, жалпы медициналық қызметтің сапасына әсер етеді. Өйткені білімі мен тәжірибесі ұштасқан маман ғана науқасқа қауіпсіз, дәл әрі сапалы көмек көрсете алады.
Вопросы молодых специалистов