27-29 сәуір аралығында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының мамандары Абай облысына арнайы іссапармен барып, өңірдегі денсаулық сақтау саласына тәжірибелік әрі білім беру бағытында қолдау көрсетті. Бұл шаралар облыс әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.
Делегация құрамындағы Медициналық орталық ауруханасы мен Ұлттық госпитальдің дәрігерлері өңір тұрғындарына 37 консультация өткізіп, 10 жоғары технологиялық ота жасады. Сонымен қатар 20 оқыту семинары мен шеберлік сағатын ұйымдастырып, оған 500-ден астам медицина қызметкері қатысты.
Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы Абай облысына іссапар ұйымдастырып, білім беру ұйымдарымен серіктестікті нығайту және өз қызметтерін таныстыру бағытында бірқатар кездесу өткізді. Кездесулер барысында сервистік, коммуникациялық және HR-шешімдер таныстырылып, ынтымақтастық орнату жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ қызметтерге қатысты сұраныстар қабылданып, коммерциялық ұсыныстар жолданды. Іс-шараға шамамен 40 адам қатысты.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты үш онлайн-семинар ұйымдастырды. Семинарларда аллергендер мен ДНҚ фальсификациясы, радиациялық қауіпсіздік, сондай-ақ өнімдердің химиялық көрсеткіштері тақырыптары қамтылды. Оқытуға тағам өндірісі саласының мамандары қатысып, жалпы саны 32 адам қамтылды. Бұл шаралар санитариялық бақылау саласындағы кәсіби біліктілікті арттыруға ықпал етті.
«Оқжетпес» шипажайының мамандары медициналық кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізіп, санаторийлік-курорттық емдеу мен сауықтыру бағдарламаларын, сондай-ақ біріккен желі аясындағы қызмет көрсету шарттарын таныстырды. Кездесу барысында асқазан-ішек жолы ауруларын емдеу, нафталан терапиясы секілді заманауи әрі дәстүрлі емдеу тәсілдеріне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар қызметтердің қолжетімділігі мен жеңілдік шарттары туралы ақпарат берілді.
Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – тұрғындардың мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, Медициналық орталықтың үздік клиникалық тәжірибелері мен тиімді ұйымдастырушылық тәсілдерін өңірде енгізу және тарату болды. Сонымен қатар тәжірибе алмасу, заманауи технологияларды қолдану арқылы жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін көтеру және ведомствоаралық ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілді.


