Ұлттық госпитальдің эндокринолог дәрігері Нигора Тулаевамен сұхбат.
Эндокриндік жүйе аурулары жайлы статистикалық мәлімет бар ма?
-Қант диабетінің таралуы ересектер арасында шамамен 10–11% және көрсеткіш артып барады. ДДС ұйымының мәліметтері бойынша Қазақстанда жыл сайын ауруға шалдыққандардың өсімі шамамен 5-8% екен. Әсіресе йод тапшылығына байланысты қалқанша безінің аурулары да көбейіп отыр.
Қандай белгілер байқалғанда эндокринологқа бару керек?
-Егер адамда шөлдеу, полиурия, әлсіздік, дене салмағының ауытқуы, тахикардия болса, тері құрғап кетсе – бұл көмірсулар алмасуының бұзылуының немесе қалқанша безінің функциясының (мысалы, гипотиреоз, гипертиреоз, қант диабеті) клиникалық маңызды белгілері. Мұндай жағдайда дереу эндокринологпен кеңесу керек. Оны емдемесе қан тамырларының асқынуына және метаболикалық асқынуларға әкелуі мүмкін.
Ұйқы безі жұмысының бұзылуы, қант диабеті секілді ауруларды жиі естиміз. Бұлар қалай пайда болады?
-1 типті қант диабеті β-жасушалардың аутоиммундық бұзылуынан (абсолютті инсулин тапшылығы) пайда болады. Ал 2- типті қант диабеті инсулинге төзімділік нәтижесінде дамиды. Аурудың негізгі факторлары семіздік, физикалық белсенділіктің төмендігі , жоғары калориялы диета, урбанизация. Осы жағдайлардың 95% ға жуығы 2- типті қант диабетіне әкеледі.
Көп аурулар «жасарып» барады. Эндокриндік жүйе аурулар солардың қатарына жата ма? Қай жастағы адамдарда жиі байқалады?
-Иә, «жасару» байқалады. Бұрын 2- типті қант диабеті 40 жастан кейін басым болса, қазір 20-30 жастағылар арасында аурудың өсу байқалады. Бұл тағы да сол семіздік және физикалық белсенділіктің төмендеуіне байланысты. Дегенмен, әлі егде жастағы адамдарда арасында(75-79 жастағылардың 24-25% дейін) көбірек.
Бұл тұқым қуалайтын ауру түрі ме? Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?
-Негізі бұл ауру түрі аралас сипатта. Генетикалық бейімділік және қоршаған орта факторлары да бар. Науқастардың 75%-дан астамы өмір сүру салты мен медициналық көмекке қолжетімділік маңызды рөл атқаратын және табысы орташа, одан төмен елдерде тұрады. Алдын алу үшін салмақты бақылауда ұстап , аптасына ≥150 мин физикалық белсенділікті қолға алу қажет. Тәтті тағам мен қантты шектеп, диетаны ұстаған жөн. Ең бастысы – скринингтен уақытында өту.


