Көктем мезгілі басталып, алғашқы қар түскенге дейін жалғасатын маусымдық аллергия бүгінде кең таралған аурулардың біріне айналды. Қазіргі таңда аллергиялық аурулар әлем бойынша да, Қазақстанда да өзекті медициналық мәселелердің қатарында тұр. Осыған байланысты біз Ұлттық госпиталінің аллерголог дәрігері Зарина Жақыбаевамен сұхбаттасып, маңызды мәліметтерге қаныққан едік.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта әлем халқының шамамен 20-40 пайызы аллергиялық аурулардан зардап шегеді. Бұл көрсеткіш аллергияны жұқпалы емес аурулар арасында үшінші-төртінші орынға шығарып отыр. Соңғы онжылдықтарда аллергияның таралу көрсеткіші әр он жыл сайын екі есеге өсіп келеді.
Әсіресе ірі қалаларда тұратын адамдар арасында бұл дерт жиі кездеседі. Дамыған елдердегі мегаполистерде әрбір үшінші тұрғын аллергия белгілеріне шағымданады.
Мұның негізгі себептері ретінде қоршаған ортаның ластануы, экологиялық факторлар, урбанизация және өмір сүру салтының өзгеруі аталады. Дәрігердің айтуынша, Қазақстанда да аллергиялық аурулардың таралу деңгейі өсіп келеді. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш халықтың шамамен 35 пайызына дейін жетуі мүмкін. Қазіргі таңда елімізде аллергиядан зардап шегетіндердің саны шамамен 5,5 миллион адамды құрайды.
Қазақстанда кең таралған аллергиялық аурулардың қатарына аллергиялық ринит, бронх демікпесі және атопиялық дерматит жатады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректері бойынша, соңғы үш жыл ішінде аллергиялық ринит көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 193,2 жағдайдан 217,7 жағдайға дейін өскен. Бұл тек ресми түрде тіркеліп, дәрігерге жүгінген науқастардың статистикасы ғана. Мамандардың пікірінше, аллергиядан зардап шегетін адамдардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Әсіресе Алматы қаласында аллергия көрсеткіші жоғары деңгейде тіркеліп отыр. Мұнда шөп безгегінің көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 417,6 жағдайға жеткен. Сарапшылар мұны қаланың географиялық орналасуымен байланыстырады. Алматы тау бөктерінде орналасқандықтан, ауа айналымы жеткіліксіз болып, тозаң мен аллергендердің ауада ұзақ сақталуына әсер етеді.
Аллергияның пайда болуы жасқа байланысты емес. Дәрігердің түсіндіруінше, бұл иммундық жүйенің зиянсыз заттарды қауіпті деп қабылдауынан туындайтын реакция. Балаларда аллергия көбіне асқазан-ішек жолдарының толық жетілмеуі мен тұқым қуалаушылық факторларына байланысты болса, жасөспірімдерде гормоналдық өзгерістер, эмоционалдық жүктеме мен күйзеліс әсер етеді.
Ал ересектерде экология, стресс, созылмалы аурулар және қоршаған орта факторлары маңызды рөл атқарады.
Аллергияның бірнеше түрі бар. Олардың қатарында тағамдық аллергия, тұрмыстық аллергия, тозаңға реакция, дәрілік аллергия, жәндіктер шаққаннан болатын аллергия және тұрмыстық химия, косметика, металл секілді заттармен жанасудан туындайтын аллергия кездеседі.
Маман маусымдық аллергияның алдын алу үшін бірқатар қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, таңертең және желді күндері терезені жабық ұстау, HEPA сүзгісі бар кондиционерлер пайдалану, сырттан келген соң бірден душ қабылдап, киімді ауыстыру, далада күннен қорғайтын көзілдірік тағу маңызды. Сонымен қатар аяқ киімді кіреберісте шешіп, үйге үнемі ылғалды тазалық жүргізу қажет.
Қазіргі уақытта аллергияны емдеудің тиімді әдістерінің бірі аллергенге тән иммунотерапия (ASIT). Бұл ем түрі симптомдарды уақытша жеңілдетуге емес, аллергияның негізгі себебіне әсер етуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, ASIT ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізуге мүмкіндік береді, дегенмен толық сауығуға жүз пайыз кепілдік бермейді.
Дәрігер аллергия белгілері байқалған жағдайда уақыт оздырмай аллерголог маманға қаралу қажеттігін атап өтті. Себебі нақты аллергенді анықтап, дұрыс ем қабылдау аурудың асқынуына жол бермейді. Аллергия созылмалы ауру болғанымен, оны бақылауда ұстап, сапалы өмір сүруге мүмкіндік бар.


