НАЦИОНАЛЬНЫЙ ГОСПИТАЛЬ МЦ УДП РК

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

Call center:

Еркін тыныс алыңыз

Ұлттық госпиталінде тыныс алу жүйесі ауруларының алдын алу мен ерте анықтау бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Осы орайда Ұлттық госпитальдің 1-терапия бөлімінің пульмонолог дәрігері Бибінұр Рахметова өкпе ауруларының алғашқы белгілері мен олардың алдын алу жолдары туралы айтып берді.
Медицина саласында 11 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маманның пульмонолог дәрігер ретінде 10 жылдық тәжірибесі бар. 2022 жылдан бастап Ұлттық госпитальде қызмет атқарады.
Дәрігердің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметі бойынша созылмалы обструктивті өкпе ауруы әлемдегі өлім-жітім себептері арасында төртінші орында тұр. Жыл сайын аталған дерттен шамамен 3,5 миллион адам көз жұмады. Сонымен қатар ауру денсаулықтың нашарлауына және мүгедектікке алып келетін себептердің жаһандық тізімінде сегізінші орында екені анықталған.
Маманның сөзінше, созылмалы обструктивті өкпе ауруының негізгі себептеріне темекі шегу, зиянды өндірістік факторлар, жану өнімдері мен қолайсыз экологиялық жағдайлар жатады.
Сондай-ақ пульмонолог демікпе, бронхит және өкпе қабынуының алғашқы белгілеріне тоқталды.
«Демікпе көбінесе кеудедегі сырыл, кеуде қуысының қысылуы, құрғақ жөтел арқылы байқалады. Әсіресе белгілер түнде немесе таңертең күшейеді. Суық ауа, шаң, өткір иіс немесе аллергия әсерінен ентігу пайда болуы мүмкін. Кейде белгілер басылып, кейін қайта байқалады.
Бронхит көп жағдайда суық тиюден немесе жедел респираторлық инфекциялардан кейін дамиды. Алғашында тамақ ауырып, әлсіздік пен дене қызуы көтеріледі. Кейін құрғақ жөтел басталып, 2-3 күннен соң қақырық бөлініп, кеудеде сырыл пайда болуы мүмкін.
Өкпе қабынуы кезінде дене қызуы қатты көтеріліп, қалтырау мен әлсіздік байқалады. Науқаста қақырықпен жөтел, тыныс алғанда кеуде тұсының ауыруы, ентігу және тыныстың жиілеуі болады. Кей жағдайда қандағы оттегі мөлшері төмендеуі мүмкін», – дейді Бибінұр Рахметова.
Дәрігердің айтуынша, ұзақ уақыт жөтел, ентігу, тұншығу ұстамалары, кеуде қуысындағы ысқырықты сырылдар немесе қақырық бөлінуі байқалса, міндетті түрде пульмонолог маманның кеңесіне жүгіну қажет.
Мамандар денсаулыққа бейжай қарамай, тыныс алу жүйесі ауруларының алғашқы белгілерін дер кезінде анықтаудың маңыздылығын ескертеді.
Дышите свободно

This will close in 15 seconds

ЗАКАЗАТЬ ЗВОНОК

Укажите свои контакты и мы Вам перезвоним в ближайшее время