ҚР ПІБ МО ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

қр піб мо ұлттық госпиталі

Атрофиялық гастритті емдеу және алдын алу жолдары

Атрофиялық гастрит асқазанның шырышты қабығында ұзақ уақытқа созылатын қабыну үдерісі. Ауру кезінде тұз қышқылы мен ас қорыту ферменттерін өндіретін бездер біртіндеп жұқарып, өз қызметін жоғалтады. Соның салдарынан ас қорыту бұзылып, В12 дәрумені тапшылығына байланысты анемия дамуы мүмкін.
 
Атрофиялық гастриттің ең қауіпті асқынуларының бірі асқазан обырының даму қаупінің жоғарылауы. Сондықтан ауруды ерте анықтап, уақытылы емдеу және тұрақты медициналық бақылаудан өту маңызды.
 
Аурудың себептері, белгілері, емдеу және алдын алу жолдары туралы Ұлттық госпитальдің №1 хирургия бөлімшесінің гастроэнтеролог-онколог дәрігері Гаухар Исакова айтып берді.
 
Ауру неден пайда болады?
Атрофиялық гастриттің негізгі себептерінің бірі Helicobacter pylori инфекциясы. Бұл бактерия асқазанның шырышты қабатында ұзақ уақыт сақталып, созылмалы қабынуға және жасушалардың зақымдануына әкелуі мүмкін.
 
Тағы бір себеп аутоиммундық үдеріс. Мұндай жағдайда иммундық жүйе асқазанның сау жасушаларына қарсы әрекет етеді. Нәтижесінде асқазан сөлін және В12 дәруменінің сіңуіне қажетті ақуызды өндіретін жасушалар зақымданады.
 
Аурудың даму қаупін ащы, ысталған және тым ыстық тағамдарды жиі тұтыну, темекі шегу, ішімдікті шамадан тыс пайдалану, сондай-ақ кейбір дәрілік заттарды дәрігердің бақылауынсыз ұзақ уақыт қабылдау арттырады.
 
Әсіресе стероидты емес қабынуға қарсы дәрілік заттар асқазанның шырышты қабатына кері әсер етуі мүмкін.
 
Қандай белгілер байқалады?
Атрофиялық гастрит ұзақ уақыт бойы белгісіз дамуы мүмкін. Асқазанның шырышты қабаты жұқарғанымен, адам бастапқы кезеңде ауырсыну немесе айқын жайсыздық сезбеуі ықтимал.
 
Ауру дамыған кезде тамақтан кейінгі ауырлық, іштің кебуі, тәбеттің төмендеуі, жүрек айнуы және ас қорытудың бұзылуы байқалады.
 
В12 дәрумені тапшылығы пайда болған жағдайда тұрақты әлсіздік, тез шаршау, ұйқышылдық, терінің бозаруы, тілдің ашуы немесе ісінуі, аяқ-қолдағы сезімталдықтың өзгеруі болуы мүмкін.
 
- Атрофиялық гастритті тек белгілеріне қарап анықтау мүмкін емес. Нақты диагноз қою үшін зертханалық талдаулар, гастроскопия және қажет болған жағдайда биопсия жүргізіледі, - дейді дәрігер.
 
Атрофиялық гастрит қалай емделеді?
Атрофия салдарынан жоғалған без тіндерін толық қалпына келтіру көп жағдайда мүмкін емес. Сондықтан емдеудің негізгі мақсаты аурудың себебін жою, атрофиялық үдерістің дамуын тоқтату немесе баяулату, ас қорыту жүйесінің жұмысын түзету және қатерлі ісік қаупін төмендету.
 
Емдеу әр науқасқа жеке тағайындалады. Ол аурудың себебіне, асқазанның қышқылдық деңгейіне, функционалдық бұзылыстардың ауырлығына және қатар жүретін ауруларға байланысты.
 
Егер Helicobacter pylori инфекциясы анықталса, бактерияны жоюға бағытталған арнайы ем жүргізіледі. Көрсетілімге қарай асқазанның шырышты қабатын қорғайтын дәрілер, В12 дәрумені, темір дәрілері, ас қорыту ферменттері және асқазан-ішек жолының қозғалысын жақсартатын дәрілер тағайындалуы мүмкін. Асқазан қышқылдығын төмендететін дәрілер барлық науқасқа бірдей тағайындалмайды.
 
Қышқылдығы төмен атрофиялық гастрит кезінде мұндай дәрілер асқазан сөлінің бөлінуін одан әрі азайтуы мүмкін.
 
- Атрофиялық гастритті өз бетімен емдеуге болмайды. Дәрілердің түрін, мөлшерін және қабылдау ұзақтығын гастроэнтеролог зерттеу нәтижесіне қарай анықтайды, - дейді дәрігер.
 
Аутоиммундық гастрит кезінде В12 дәруменінің сіңуі бұзылуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігердің шешімімен дәруменді алмастыру емі ұзақ мерзімге тағайындалады.
 
Тамақтану тәртібі
Атрофиялық гастрит кезінде тағам асқазанның шырышты қабатын тітіркендірмеуі керек. Тамақ жылы, жұмсақ және жеңіл қорытылатын болғаны дұрыс.
 
Күнделікті ас мәзіріне қайнатылған, бұқтырылған немесе буға пісірілген майы аз ет пен балықты, түрлі ботқаларды, пісірілген көкөністер мен жемістерді қосуға болады.
 
Асқазан қышқылдығы төмен болған жағдайда дәрігердің кеңесімен айран, майы аз сүзбе және басқа да ашытылған сүт өнімдерін тұтынуға болады.
 
Майлы етті, қуырылған және ысталған тағамдарды, ащы дәмдеуіштерді, тұздыққа салынған өнімдерді, газды және ішімдік сусындарды, жаңа піскен тоқаштар мен майлы тәтті тағамдарды шектеу қажет.
 
Күніне бес-алты рет аз мөлшерде тамақтанған жөн. Өте ыстық немесе тым суық тағамдардан бас тарту ұсынылады.
 
Сонымен қатар темекі мен ішімдіктен бас тарту, ұйқы тәртібін сақтау, шамадан тыс шаршаудан және ауыр дене жүктемесінен аулақ болу маңызды.
 
Тұрақты бақылау не үшін қажет?
Атрофиялық гастрит кезінде асқазанның шырышты қабатында пайда болған кейбір өзгерістерді қалпына келтіру мүмкін болмауы ықтимал. Дегенмен ауру ерте анықталып, ем дер кезінде басталса, оның дамуын тоқтатуға немесе баяулатуға болады.
 
Устранение инфекции Helicobacter pylori Helicobacter pylori жұқпасын ішек тінінің өзгеруі қалыптаспай тұрып жою жақсы нәтиже беруі мүмкін. Ал асқазанның шырышты қабатында айқын өзгерістер пайда болған жағдайда тұрақты дәрігерлік бақылаудың маңызы артады.
 
Атрофиялық гастриті бар науқастар гастроэнтеролог белгілеген мерзімде асқазанды арнайы құралмен тексеруден өтіп, қажет болған жағдайда тіннен үлгі алдыруы керек. Бұл асқазандағы қауіпті өзгерістерді ерте анықтауға мүмкіндік береді.
 
Алдын алу шаралары
Аурудың алдын алу үшін жеке тазалықты сақтау, жемістер мен көкөністерді мұқият жуу және таза ауызсу пайдалану қажет.
 
Helicobacter pylori жұқпасын дер кезінде анықтап, дәрігер тағайындаған емді толық аяқтау маңызды.
 
Сонымен қатар дұрыс тамақтану, темекі мен ішімдіктен бас тарту, дене белсенділігін сақтау және дәрілерді өз бетімен қабылдамау ұсынылады.
 
Микробқа қарсы дәрілерді, аспиринді, ибупрофенді және басқа да қабынуға қарсы дәрілерді тек дәрігердің нұсқауы бойынша қабылдаған дұрыс.
 
Атрофиялық гастрит диагнозы қойылған адамдар В12 дәрумені мен қандағы гемоглобин мөлшерін тұрақты бақылап отыруы қажет. Ал тұқым қуалайтын бейімділігі бар немесе асқазанда ауырлық, қыжыл және кебу сезімі жиі байқалатын адамдар алдын ала тексеруден өткені жөн.
 
- Асқазанның зақымданған тінін толық қалпына келтіру қиын. Алайда дұрыс таңдалған ем, тамақтану тәртібі және тұрақты дәрігерлік бақылау аурудың дамуын тоқтатуға, жағдайдың ұзақ уақыт тұрақтануына және науқастың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - дейді гастроэнтеролог-онколог Гаухар Исакова.
Атрофический гастрит