НАЦИОНАЛЬНЫЙ ГОСПИТАЛЬ МЦ УДП РК

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

Call center:

Атрофиялық гастрит  – қатерлі ісіктің қауіпі

   Атрофиялық гастрит – асқазанның шырышты қабығының созылмалы ауруы. Ол асқазан қышқылы өндірісінің төмендеуіне және ас қорыту проблемаларына әкеледі. Бұл  халықтың 30% -дан астамында және көбінесе 55 жастан асқан адамдарда байқалады және  әлем бойынша асқазанның қатерлі ісігінің негізгі себебі болып саналады.   Елімізде  H. pylori инфекциясының деңгейі жоғары,  демек, асқазан қатерлі ісігінің  мүмкіндігі жоғары. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың  мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда асқазанның  қатерлі ісігі басқа онкологиялық аурулардың арасында үшінші орында және өлім көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. 

Асқазан шырышты қабығының құрылымы және гастриттің түрлері

   Біздің асқазанымыз ас қорытуда, секреторлық (асқазан сөлін және тұз қышқылын өндіру), қозғалғыштық (асқазаннан тамақты ішекке жылжыту), эвакуация (асқазаннан тамақты ішекке шығару) және эндокриндік (гастрин, қышқылдық гормон сияқты гормондарды өндіру, қышқылдық гормон және т.б.) сияқты функцияларды атқарады. Атрофиялық гастрит кезінде асқазанның шырышты қабатындағы  жасушалар  саны біртіндеп азаяды, бұл  асқазан функциялардың бұзылуына әкеледі.  Прогрессивті атрофия  10-15 жыл  бойы дамиды,  сілемейлі қабығы жұқара береді,  асқазан сөлінің бөлінуі жыл өткен сайын азаяды, бұл пепсиннің (асқазан ферменті) төмендеуіне, қышқылдықтың төмендеуіне және асқазан жасушаларының ішек жасушаларымен алмастырылуына әкеліп соғады.  Соңы  қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. Сонымен қатар, асқазан Castle’s intrinsic factor (немесе Кастл факторы) деп аталатын тағамдық В12 витаминімен байланысатын және оның аш ішекте сіңуін жеңілдететін арнайы ақуызды  шығарады. Кастл факторының жеткіліксіз синтезі ағзаның  осындай  маңызды дәруменді сіңіре алмауына әкеледі. В12-тапшылығы  анемияны тудырады, ол Аддисон-Бирмер анемиясы деп аталады. Бұл пернициозды  анемия деп те аталады, себебі гемопоэз (қан  жасушаларының пайда болуы және жетілуі ) бұзылады, қанның қызыл түйіршіктерінің  (эритроциттердің)  жойылуы  жоғарылады. Сонымен қатар, неврологиялық белгілер байқалады.

Атрофиялық гастриттің себептері неде?

   Атрофиялық гастриттің негізгі себептерінің бірі – зақымдаушы жағдайлардың  әсері.  Басым көпшілігінде (85% дейін) ол Helicobacter pylori инфекциясынан туындаған кең таралған, ұзақ мерзімді гастриттен пайда болады. 10%  жағдай  аутоиммунды ауруларға байланысты. Мұндай  кезде ағзаның иммундық жүйесі асқазан жасушаларына шабуыл жасап, қабыну мен өлімге әкеледі.

Аурудың өршуінің аса қауіпті жағдайлары қандай?

  • ащы, қуырылған, ысталған тағамдарды  жиі  ішу,
  • газдалған тәтті сусындар мен кофеіннің мөлшері көп және тағамдық бояу көп мөлшерде қосылған тағамдарды ұзақ уақыт пайдалану,
  • темекі шегу және ішімдікті шамадан тыс қолдану, кей бір дәрілерді бақылаусыз және ұзақ уақыт қолдану (антибиотиктер,қабынуға қарсы препараттар, цитостатиктер),
  • он екі елі ішектен асқазанға өт рефлюксі жағдайлары.
  • жас мөлшері 50 ден асқан  және психоэмоционалды күйзеліске бейім адамдарда кездеседі,
  • генетикалық бейімділік,
  • зат алмасу ауруларын  болуы (тиреотоксикоз, қант диабеті ж.т.б.).    

Атрофиялық гастрит қалай дамиды?

   Атрофиялық гастриттің негізгі клиникалық мәселелерінің бірі – ұзақ асимптоматикалық ағымы.  Атрофия жылдар бойы қалыптасады, ал айқын симптоматика көбінесе  морфологиялық өзгерістер елеулі болғанда ғана пайда болады.  Кейде науқастарды   әдеттегі гастроскопия немесе анемияға тексеру кезінде диагноз қойылады.      Процесс асқазан түбінен басталады, онда тұз қышқылын түзетін жасушалар орналасқан. Тізбек бойынша одан әрі асқазан сөлінің және оның компоненттерінің өндірісіне жауапты жасушалар зақымдалады. Нәтижесінде жеткіліксіз қорытылған тағам асқазаннан ішекке өтеді, олар біздің денеміздің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет қоректік заттарды сіңіре алмайды.  Сапасы нашар  тамақ, зиянды әдеттер және басқа факторлар жағдайды одан әрі ушықтырады және патологиялық процестің өршуіне ықпал етеді. Осылайша, тұйық шеңбер пайда болады: қорытылмаған тағам асқазан-ішек жолында сіңірілмейді, нәтижесінде қоректік заттардың, витаминдердің және минералдардың жетіспеушілігі асқазанның шырышты қабатының жұмысының  нашарлауына, оның ішек эпителийімен (метаплазия) ауыстырылуына және ағзаның басқа жүйелерінің бұзылуына ықпал етеді.   

                         Атрофиялық гастриттің неғұрлым тән белгілері:

  • Тамақтанғаннан кейін  1–1,5 сағаттан кейін пайда болатын асқазанның шұңқырындағы түтіккен  ауырсыну,
  • жүрек айнуы, тәбеттің төмендеуі, тез қанығу сезімі,
  • жағымсыз иіспен кекіру,
  • метеоризм (іш кебу),  жағымсыз иісті нәжіс,
  • салмақ жоғалту,
  • әлсіздік  және бас айналу, В12 тапшылығы анемиясының белгілері.  

Әйелдердегі  симптомдардың ерекшеліктері

   Әйелдерде атрофиялық гастрит көбінесе аутоиммунды түрде кездеседі, бұл ағзаға тән  аутоиммундық ауруларға  бейімділікке байланысты. В12 тапшылығы анемиясының симптомдары ішек шағымдарынан бұрын көріне бастайды. Бұл:

  • қатты шаршау,
  • бозару,
  • күнделікті жүктемеден ентігу,
  • шаштың түсуі мен тырнатың сынуы-мұның бәрі дербес проблема ретінде қабылданады және асқазан патологиясымен байланысы кешігіп орнатылады.  

   В12 дәрумені тапшылығының неврологиялық белгілері — аяқ-қолдың ұюы мен шаншуы, жүру кезіндегі теңселу — әйелдерде жиі остеохондроздың немесе вегетативтік жүйке жүйесі бұзылыстарының көрінісі ретінде қате бағаланады.  Астено-невротикалық синдром және жұмыс қабілетінің төмендеуі жиі байқалады. 

   Қарап тексеру кезінде науқастарда терінің құрғауы, эритроциттердің шамадан тыс ыдырауына байланысты сарғыш реңді бозару байқалады. Иммунитеттің төмендеуінен ауыз қуысында жаралар пайда болуы мүмкін. Тіл қалың сұрғылт жабындымен жабылады, ісінген болады, шеттерінде тістердің ізі көрінеді, тіл ұшындағы бүртіктер тегістеліп, «жылтырланған» тіл көрінісі қалыптасады. Аурудан арылу үшін дұрыс тамақтану тәртібін сақтау, емдәм ұстану және дәрігер тағайындаған дәрілік препараттарды қолдану қажет.

Атрофиялық гастриттің диагностикасы


   Атрофиялық гастритті анықтау және оның емдеумен терапевт немесе гастроэнтеролог дәрігерлер айналысады. Диагностиканың «алтын стандарты» — биопсиямен жүргізілетін фиброгастроскопия. Зерттеу барысында дәрігер үдерістің айқындылық дәрежесін анықтап, әрі қарай гистологиялық зерттеу жүргізу және онкопатологияны жоққа шығару үшін асқазанның шырышты қабығының әртүрлі бөліктерінен биопсия алады.

   Сонымен қатар, Helicobacter pylori сынағы да жүргізіледі, өйткені бұл бактерия атрофиялық гастриттің негізгі себебі болып табылады. Зертханалық талдамалар қанның жалпы  талдауы  және биохимиялық панель, гастро-панель (атрофияның дәрежесін бағалау үшін пепсиноген мен гастрин-17 деңгейін өлшейтін) және нәжіс зерттеулері кіреді. Қажет болған жағдайда дәрігер қосымша зерттеу әдістерін тағайындайды.

Бұл ауыру қалай емделеді? 

   Атрофиялық гастритті емдеу барысында дәрігер сырқаттың деңгейін және асқынулардың бар-жоғын анықтайды.  Біріншіден, созылмалы атрофиялық гастритпен ауыратын науқастарда асқазан-ішек жолдарының басқа ауруларының өсу  ықтималдығы бірнеше есе жоғары болады.  Екіншіден,  асқазанда гормоналды белсенді карциноидты ісіктердің даму қаупі 5-8 есе жоғары.Тек білікті маман әрбір адамның ерекшеліктерін ескере отырып, диагноз қойып, ем  тағайындайды.  Жоғалған без тінін қалпына келтіру мүмкін емес, сондықтан емдеу атрофияның дамуын тоқтатуға, себебін жоюға, функционалдық бұзылуларды түзетуге және қатерлі ісік қаупін азайтуға бағытталған.  

Скринингтерден қашпаңыз!

    Биопсиямен  гастроскопия ісік пайда болғанға дейін қауіпті өзгерістерді  анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу кезінде жоғары дәрежелі дисплазия анықталса,  зардап шеккен шырышты аймақты эндоскопиялық жолымен алып тастауға болады.  Көптеген адамдар өзінің денсаулығына  көңіл бөлмейді және атрофиялық гастрит қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді. Диеталық қоспалар, шөптер және халықтық медицина бұл жағдайды шеше алмайды. Егер сізде немесе сіздің жақындарыңызда асқазанның бұзылуы  белгілер болса  маманмен кеңесу керек. Өзін-өзі  емдеуге қатаң тыйым салынады!

   Исакова Гаухар БахтановнаХирургия -1 бөлімшенің  жоғары санатты гастроэнтеролог-онкологыМедицина ғылымдарының кандидаты«ВШОЗ» Қазақстан медицина университетінің  «Гастроэнтерология» кафедрасының аға оқытушысы

АТРОФИЧЕСКИЙ ГАСТРИТ 1

This will close in 15 seconds

ЗАКАЗАТЬ ЗВОНОК

Укажите свои контакты и мы Вам перезвоним в ближайшее время