НАЦИОНАЛЬНЫЙ ГОСПИТАЛЬ МЦ УДП РК

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

Call center:

ПАЦИЕНТКЕ АРНАЛҒАН ЖАДЫНАМА. Гипертониялық криз: себептері, өзіне алғашқы көмек көрсету

   Артериялық гипертония (АГ) – бұл созылмалы ауру, оның негізгі белгісі артериялық қысымның тұрақты немесе мерзімді көтерілуі болып табылады. Қан қысымы жоғары деп есептеледі, егер систолалық («жоғарғы қысым») көрсеткіш 140 мм сынап бағанаcынан, ал диастолалық («төменгі қысым») — 90 мм сынап бағанасынан жоғары болса. Артериялық гипертония өзінің асқынуларымен қауіпті. Ол инсульт, миокард инфарктысы, бүйрек жеткіліксіздігі, көру қабілетінің нашарлануының басты себептерінің бірі болып табылады.

   ДДҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) деректері бойынша ғаламшардағы ересек халықтың 30% – ға жуығы АГ-дан зардап шегеді, бұл миллиардтан астам адамды құрайды! Артериялық қысымды өлшемей бұл ауруды анықтау мүмкін емес. Көптеген адамдарда гипертония бастапқы кезеңде жасырын түрде өтуі мүмкін, сондықтан оны «үнсіз өлтіруші» деп атайды.  Бұл – гипертонияның  ең үлкен қауіпі.  Дәрігерге  уақтылы бармаған немесе тұрақты емделуден бас тартқан адамда  ауырудың ағымы қауіпті түрде жүреді, гипертониялық криздер жіи мазалайды  және түрлі асқынуларға әкеледі.

Гипертониялық криз

   Гипертониялық криз — бұл артериялық гипертензияның асқынуы, мұндай жағдайда қан қысымы күрт көтеріліп, 180/120 мм сын. бағанасына немесе одан да жоғары деңгейге жетеді. Бұл — шұғыл медициналық көмекті талап ететін жағдай, себебі ол келесі қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін:

  • Инсульт, миокард инфарктісі
  • Жіті жүрек жеткіліксіздігі
  • Көздің тор қабығының ажырауы және соқырлық
  • Бүйрек қызметінің бұзылуы

   Гипертониялық криздің дамуына ықпал ететін негізгі факторлар:

  • Емделмеген немесе бақылауға алынбаған артериялық гипертония
  • Гипотензивті (қан қысымын төмендететін) дәрілерді кенеттен тоқтату
  • Стресс, психоэмоциялық күйзеліс, ауыр физикалық жүктеме
  • Алкоголь мен темекі өнімдерін, психотроптық заттарды, энергетикалық сусындарды шамадан тыс қолдану
  • Кешкі уақытта көп мөлшерде тамақ ішу, тұзды тағамдарды жиі тұтыну. Артық дене салмағы мен тағамдағы тұздың мөлшерінің көп болуы қан қысымының көтерілуіне себеп болады
  • Ауа райының күрт өзгеруі, қоршаған ортаның температурасы мен атмосфералық қысымның тез ауысуы
  • Ыстық монша мен саунаға бару (әсіресе гипертония емделмеген жағдайда)
  • Ілеспелі аурулардың болуы, мысалы: қант диабеті, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі

   Гипертониялық криз кезінде не істеу керек: қадамдық өзіндік көмек.

  1. Симптомдарды бағалаңыз — гипертониялық криздің белгілері:
  • қатты бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, құсу;
  • көру қабілетінің бұзылуы, көз алдында «қара дақтардың» пайда болуы, құлақтағы шуыл;
  • қан қысымының күрт жоғарылауы — 180/120 мм сын. бағ. және одан жоғары;
  • жүрек соғысының жиілеуі, қолдың дірілі, тершеңдік, шөлдеу;
  • жүрек тұсындағы ауырсыну, тыныс алудың қиындауы, әлсіздік;
  • үрей, мазасыздық, қорқыныш сезімі.
  1. Дүрлікпеңіз, тыныштықты сақтауға тырысыңыз.
    Дүрбелең қан қысымын одан әрі көтереді. Тыныштандыратын препараттар (мысалы, валериана, пустырник) қабылдаңыз. Егер жаныңызда ешкім болмаса, таза ауаның келуін қамтамасыз етіңіз: терезені ашыңыз, ыңғайлы отырыңыз немесе басыңыз сәл көтерілген күйде жатыңыз.
    Терең және баяу тыныс алыңыз: мұрынмен 4 секунд тыныс алып, ауызбен 6 секунд шығарыңыз.
  2. Қан қысымын шұғыл төмендететін дәріні қабылдаңыз.
    Қан қысымын өлшеңіз. Егер дәрігер сізге шұғыл жағдайда қолдану үшін дәрі тағайындаған болса (мысалы, Каптоприл 25 мг, Нифедипин, Моксонидин) — таблетканы тілдің астына қойыңыз. Нұсқаулық пен дозаны қатаң сақтаңыз!
    Егер кеуде тұсында ауырсыну пайда болса (бұл стенокардияның белгісі болуы мүмкін), тіл астына нитроглицерин спрейінің 1 дозасын қолданыңыз.

Өте маңызды!

  • Қан қысымын 5–10 минут ішінде күрт төмендетуге болмайды — бұл мидың қанмен қамтамасыз етілуіне кері әсер етеді!
    АҚ-ны төмендетудің қауіпсіз әрі оңтайлы қарқыны — бастапқы деңгейден 1 сағат ішінде 25%-ға төмендету.
    Мысалы: егер АҚ 170/100 мм сын. бағ. болса, оны бір сағат ішінде 150/85 мм сын. бағ. шамасына дейін түсіру ұсынылады.
  • Тиімсіз дәрі-дәрмектерді (мысалы, Дибазол, Магнезия және т.б.) қолданбаңыз.
  • Дәрігер тағайындамаған препараттарды пайдаланбаңыз!
  • Криз кезінде темекі шегуге, жүруге, еңкеюге, тамақ ішуге болмайды.
  1. Қан қысымын бақылау
    Қан қысымын әр 20–30 минут сайын өлшеп, нәтижелерін арнайы дәптерге немесе қағазға жазыңыз.
    Қабылдаған дәрілердің атауын, дозасын және қабылдау уақытын да тіркеңіз.
  • ЕСКЕРТУ! Егер қысым бір сағат ішінде төмендемесе немесе жағдайыңыз нашарлап бара жатса — жедел жәрдем шақырыңыз!
  1. Қандай жағдайда міндетті түрде жедел жәрдем бригадасын шақыру керек:
  • Кеуде тұсында немесе төс сүйегінің артында ауырсыну, қатты бас ауруы, көру қабілетінің күрт төмендеуі
  • Ентігу, суық тер шығуы, қатты әлсіздік
  • Сөйлеу қабілетінің бұзылуы, бет бұлшықеттерінің, тілдің, бір қолдың немесе аяқтың жансыздануы немесе әлсіреуі
  • Дәрі-дәрмек қабылдағанына қарамастан, қан қысымының 40–60 минут ішінде төмендемеуі
  • Талма (тырысулар), есінен тану
  • Бұл белгілер — ағзалардың зақымдануымен асқынған гипертониялық криздің көріністері. Мұндай жағдайда жедел жәрдем бригадасын дереу шақыру қажет!

   Жедел жәрдем келгенге дейін төсекте тыныш күйде жатуды жалғастырыңыз. Бұдан кейінгі әрекеттерді жедел жәрдем дәрігері анықтайды.

  • Есте сақтаңыз: гипертониялық криздің алдын алуға болады!

   Гипертониялық криз — өзінің ауыр асқынуларымен қауіпті және орны толмас салдарға алып келуі мүмкін.
Оның алдын алудың негізгі жолы — гипотензивті препараттарды үнемі қабылдау және қан қысымын тұрақты бақылау.

  • Өзіңізге тонометр және дәрігер ұсынған шұғыл көмекке арналған дәрі-дәрмектерді (мысалы, Каптоприл, Моксонидин және т.б.) сатып алыңыз және әрдайым қол астыңызда ұстаңыз.
  • Гипертониялық кризді туындататын себептерден аулақ болуға тырысыңыз.
  • Емдеуші дәрігеріңіздің барлық тағайындауларын нақты және тұрақты түрде орындаңыз.

   Артериялық гипертонияның алдын алуға арналған жалпы ұсынымдар:

  • Күн тәртібін қалыпқа келтіріңіз – бұл артериялық гипертонияны емдеудің маңызды құрамдас бөлігі. Дене жаттығуларын демалыспен ұштастырыңыз.
    Ұйқыны қадағалаңыз. Түнгі ұйқы 7–8 сағаттан кем болмауы тиіс.
    Салмақты бақылауда ұстаңыз. Артық салмақ – жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторы.
    Теңгерімді әрі дұрыс тамақтаныңыз. Тамақты тұзсыз ішіңіз, артық тамақтанбаңыз.
    Физикалық белсенді болыңыз. Аптасына 3–5 рет 20–30 минуттық жеңіл қозғалыс (жаяу жүру, жүзу, велосипед тебу және т.б.) қан қысымын қалыпқа келтіруге көмектеседі.
    Күйзелістен арылыңыз. Позитивті ойлаңыз, сүйікті іспен айналысыңыз, достарыңызбен жиі кездесіңіз, таза ауада серуендеңіз — бұл психологиялық тынығуға әсер етеді.

   Гипертония кезінде өз денсаулығыңызды бақылап отыру, дәрігерге уақытылы қаралу және жүйелі профилактикалық тексеруден өту өте маңызды.

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ: ГИПЕРТОНИЯНЫҢ ЕМДЕУІ КӨП ЖАҒДАЙДА СІЗДІҢ ҚОЛЫҢЫЗДА!

   

   Жедел медициналық көмек бөлімшесінің дәрігерлері:  Е.Б. Утешов, О.Б. Зарипов.

гипертонический криз

This will close in 15 seconds

ЗАКАЗАТЬ ЗВОНОК

Укажите свои контакты и мы Вам перезвоним в ближайшее время