НАЦИОНАЛЬНЫЙ ГОСПИТАЛЬ МЦ УДП РК

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

Call center:

 Тілегім – ел тыныштығы

Елтай Шілдебаевтың медицина саласында жүргеніне биыл 38 жыл. 1994 жылы Ресейде Саратов мемлекеттік медицина университетін тәмамдағаннан бері мамандығынан қол үзбеген. 2008 жылдан бастап Ұлттық госпитальде қызмет атқарады.
 
Урология саласын таңдауыңызға не себеп болды? Жалпы, қазіргі уақытта осы сала бойынша сізді өте қатты толғандыратын қандай мәселе?
– 4-курста оқып жүргенде урология саласы өзімді өте қызықтырды. Райкевич, Попков, Глыбочко деген ұстаздарым Ресейде танымал, білімді адамдар еді. Сол кісілердің ықпалы зор болды. Қазір урология саласында толғандыратын мәселеге келсек, науқастар қатары өте көбейіп кетті. Көбісінде созылмалы және науқастардың жандарына бататын аурулар кездеседі. Науқастар кейде: «1 рет урологқа барғанша, 10 рет стоматологқа барғаным жеңілдеу», – деп әзілдеп те жатады. Бүгінгі күні бұл салада жасалатын оталардың әдістері жақсы дамыған, жаңа технологиялар көп. Біздің госпитальде осы жаңа технологияларды жиі қолданамыз. Бірақ Еуропа, Америкадағы жаңа технологиялар жиі жаңартылып тұрады. Осындай өте қымбат технологиялар бізде де болса деген арман бар. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе, жақсы болар еді.
 
Алдыңызға келетін науқастарда қандай ауру түрі жиі кездеседі?
– Науқастарда несеп жолдарына тас байлану, простатаның әртүрлі аурулары, бүйрек және қуық қабынуы жиі кездеседі. Бедеулік және белсіздікпен ауыратын науқастар да көп. Бұл өте алаңдайтын жағдай. Тағы бір айта кететін нәрсе, қазір жастар денсаулыққа көңіл бөлмейді.
 
Құпия болмаса, отбасыңыз жайлы білсек. Қызыңыз Дана ерекше дарынды бала екен. Ашқан жаңалығы жайлы көрерменге айта отырсаңыз.
– «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді. 85 жастағы анам менің қолымда тұрады. 8 баланы өмірге әкеліп, 27 немере, 32 шөбере сүйген бақытты әже. Жарым Салтанат университетте ағылшын тілінен сабақ береді. 3 баланың әкесімін. Үлкен ұлым Нұрымжан өзімнің жолымды қуып, дәрігер болмақшы. Қазір медициналық университетте оқып жатыр. Үлкен қызым Дана биыл мектепті тәмамдады. Ол да жоғары оқу орнына түспекші. Дана 2025 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ауқымды ғылыми олимпиадада алтын жүлдемен марапатталды. Қызым ауадан ауыз су жасайтын құрал ойлап шығарған. Сол құралды өнеркәсіптік ауқымда жасау үшін министрлікпен меморандумға қол қойды. Қызымның бұл жобасына қаржы бөлінді. Ал биыл Дана Австриядағы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылған әлемдік олимпиадада 3-орынға ие болды. Сол жерде Африка елдерінің президенттерімен кездесіп, шөл даланы сумен қалай қамтуға болатынын талқылады. Баланың жетістігі ата-ана үшін үлкен қуаныш қой. Қызыма болашақта да үлкен үміт артамын.
Қазір ата-аналар жұмысбасты болып, бала тәрбиесін ақсатып алғаны жайлы жиі талқыланып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сіз бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?
 
– Келісемін. Біз жұмысқа көп уақыт бөлеміз. Бірақ менің балаларымның екі әжесі бар. Өзімнің және әйелімнің анасы да немерелеріне көп уақыт бөлуге тырысады. Ол кісілерге көп рақмет! Бірақ бұл жауапкершілікті әжелерге итере салу емес. Қолымыз қалт етсе, әйелім екеуміз де балалармен әңгімелесіп, бірге уақыт өткіземіз. Кезінде біздің әке-шешеміз де жұмысбасты болды. Біз де кішкентайымыздан ата-әжеміздің қолында өсіп, солардың өмірге көзқарасынан, айтқан ақылдарынан, жасаған іс-әрекеттерінен тәлім-тәрбие алғанбыз. Үлкен кісілердің жанында жүріп, ақылын тыңдаған балалар жаман болмауы тиіс.
 
Қазақ халқы «шүкір, тәубе» деген сөзді ешқашан ұмытпаған. Қазір сол тәубешілдік азайып, шүкір дейтін адамдар қатары сиреп бара жатқан сияқты. Сіздің пікіріңізді білсек…
– Дұрыс айтасыз, «шүкір, тәубе» сөздері біздің қанымызға анамыздың сүтімен, әкеміздің қаталдау тәрбиесімен, атамыздың ақылымен, әжеміздің сүйіспеншілігімен сіңген. Бұл сөздердің мағынасы – «қанағат» қой. Әрине, әр адам алға ұмтылып, жетістікке жетуге тырысуы керек. Бірақ қанағатты ұмытпауы керек. Ондай адамның ұйқысы тыныш болады. Бұл денсаулықтың жақсы, өмірдің ұзақ болуына да әсер етеді. Кезінде біздің аналарымыз бұл сөздерді күнде айтатын. Қазір, өкінішке қарай, олай емес…
 
Қазақ елінің азаматы ретінде сізді не толғандырады?
– Қазақ елінің азаматы ретінде мені толғандыратын нәрсе – еліміздің тыныштығы. Айналамызда соғысып, халқы зардап шегіп жатқан мемлекеттер көбейіп кетті. Біздің ата-бабаларымыз да қиындықты көп көрді ғой. Шүкір, қазір белгілі бір деңгейде әлемге танылған тәуелсіз елміз. Енді бізге ауызбіршілік, жұдырықтай жұмылған бірлік пен ынтымақтастық қана керек. Осы сұхбатты пайдалана отырып, Ұлттық госпиталь ұжымын, барлық әріптестерімді кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Халықтың алғысына бөлене беріңіздер!
Мое пожелание – мир и спокойствие в стране

ЗАКАЗАТЬ ЗВОНОК

Укажите свои контакты и мы Вам перезвоним в ближайшее время