НАЦИОНАЛЬНЫЙ ГОСПИТАЛЬ МЦ УДП РК

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

Call center:

Дислипидемия дегеніміз не және холестерин деңгейін білу не үшін қажет?

   Липидтер — бұл май тәрізді заттар, олар адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Олар жасуша қабықшасының құрамына кіреді, энергия өндіру, гормондар (оның ішінде жыныстық гормондар), дәрумендер, өт және басқа да көптеген өмірлік маңызды заттардың синтезіне қатысады. Бірақ, қандағы холестериннің жоғары деңгейі жүрек-қантамыр ауруларының – атеросклероз, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек инфарктісі, инсульттің негізгі қауіп факторы болып табылады.

   Қандағы негізгі липидтерге холестерин және оның фракциялары жатады. Холестерин қан айналымында ақуыздармен бірге – протеиндермен байланыста жүреді, сондықтан оның кейбір фракциялары липопротеиндер (немесе липопротеидтер) деп аталады. Холестериннің негізгі бөлігі (шамамен 80%) бауырда синтезделеді, ал қалған бөлігі тағам арқылы түседі. Липидтер алмасуындағы ауытқуларды анықтау үшін қандағы липидтік спектрді немесе липидограмманы талдау қажет.

   Липидтік спектр немесе липидтік профиль (липидограмма) дегеніміз не?

   Липидограмма — бұл қандағы холестериннің әртүрлі фракцияларының деңгейін анықтайтын зертханалық көрсеткіш. Оның құрамына мыналар кіреді:

  • Жалпы холестерин (ЖХ) – барлық липид түрлерін қамтиды;
  • Төмен тығыздықтағы липопротеиндер (ТТЛП) – «жаман» холестерин. Артық мөлшері тамырлардың ішкі қабырғасына жиналып, атеросклероздық түйіндердің түзілуіне себеп болады;
  • Жоғары тығыздықтағы липопротеиндер (ЖТЛП) – «жақсы» холестерин, ол артық холестеринді тамырлардан шығарады;
  • Триглицеридтер (ТГ) – майдың бір түрі, оның артық мөлшері жүрек-қантамыр ауруларының қаупін арттырады;
  • Атерогендік коэффициент – «жаман» және «жақсы» липидтердің арақатынасын көрсететін есептік көрсеткіш.

   Дислипидемия дегеніміз не?

   Дислипидемия – бұл қандағы холестерин мен оның фракцияларының алмасуының бұзылуы, яғни майлардың деңгейі қалыпты шектерден ауытқиды. Бұл процесс атеросклероздың – жүрек пен қан тамырлары ауруларының ең жиі себебінің негізінде жатады. Дислипидемия келесі ауытқулармен көрінеді:

  • Төмен тығыздықтағы липопротеиндердің (ТТЛП) жоғарылауы – «жаман» холестериннің артуы;
  • Жоғары тығыздықтағы липопротеиндердің (ЖТЛП) төмендеуі – «жақсы» холестериннің азаюы;
  • Триглицеридтердің жоғарылауы;
  • Жалпы холестериннің артуы немесе оның фракцияларының арақатынасының бұзылуы (яғни «жаман» холестерин мен триглицеридтердің басым болуы).

   Бастапқы кезеңде дислипидемия ешқандай белгілерсіз өтуі мүмкін, бірақ ол жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының даму қаупін арттырады. Холестериндік түйіндердің тамырларда жиналуы жылдар бойы байқалмай жүріп, төменгі аяқ-қолдардың созылмалы ишемиясына, гипертонияға, ішек тамырларының тромбозына, созылмалы бүйрек ауруларына және ең қауіпті асқынулар – инсульт пен инфарктке әкелуі мүмкін.

   Қандағы холестериннің жоғарылауы (гиперхолестеринемия) қандай себептерден болады?

   Сыртқы және ішкі факторлар ықпал етуі мүмкін. Негізгі себептер:

  • Мал өнімдерінен алынған майлардың артық тұтынылуы: майлы ет, шұжық, сары май, тоң май;
  • Қимыл-қозғалыстың аздығы, семіздік, артық салмақ. Ерекше қауіп – ішкі майдың жиналуы (абдоминальды семіздік);
  • Созылмалы стресс, гормоналды және эндокриндік бұзылыстар (қалқанша безінің қызметінің төмендеуі – гипотиреоз, 2 типті қант диабеті және т.б.);
  • Жас және жыныс ерекшелігі. Менопаузаға дейін әйелдерде холестерин деңгейі төмен, бірақ кейін ол тез артады;
  • Кейбір дәрілік препараттарды ұзақ уақыт қабылдау: глюкокортикоидтар, құрамында эстрогені жоғары контрацептивтер.

   Липидтік профильді білу не үшін маңызды?

   Холестерин деңгейін білу арқылы алмасу бұзылыстарын ерте анықтап, ауру белгілері пайда болмай тұрып алдын алу шараларын жүргізуге болады. Бұл талдау жүрек-қантамыр ауруларының қауіп деңгейін бағалауға, алдын алуға, ал диагноз қойылған жағдайда емнің тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.

   Ересек адамдар үшін холестериннің қалыпты деңгейі мынадай:

  • Жалпы холестерин – 5,2 ммоль/л-ден төмен
  • ТТЛП-холестерин – 3,5 ммоль/л-ден төмен
  • ЖТЛП-холестерин – ерлер үшін 1,0 ммоль/л-ден жоғары, әйелдер үшін 1,2 ммоль/л-ден жоғары

   Дислипидемияның алдын алу және өзіңізді қорғау жолдары:

   Көптеген себептер, әсіресе өмір салтына байланысты факторлар бақылауға алынады:

  • Тамақтану тәртібін қадағалаңыз: трансмайлар мен жануар майларын, фастфуд пен тәттілерді шектеңіз. Күнделікті мәзірге көкөніс талшықтарын, теңіз өнімдері мен балықты қосыңыз;
  • Күн сайын 20-30 минуттан кем емес дене белсенділігімен айналысыңыз немесе аптасына кемінде 150 минут уақыт бөліңіз;
  • Темекі шегуден бас тартыңыз, алкогольді шамадан тыс пайдаланбаңыз;
  • Салмақты бақылауда ұстаңыз, қимылсыздықпен күресіңіз, семіздіктің алдын алыңыз;
  • Холестерин деңгейін үнемі тексеріңіз – жылына кемінде 1 рет липидограмма тапсырыңыз, ал қауіп факторлары болса – жиірек;
  • Қажет болған жағдайда – дәрігер тағайындаған ем қабылдаңыз (мысалы, статиндер және холестеринді төмендететін басқа да препараттар).

   Кімдерге холестеринді бақылау аса маңызды?

  • 40 жастан асқан адамдарға;
  • Артық салмағы немесе семіздігі барларға;
  • Қант диабеті, гипертония, жүрек-қантамыр аурулары бар науқастарға;
  • Тұқым қуалайтын бейімділігі барларға (жақын туыстарында инфаркт, инсульт, қант диабеті, гипертония жағдайлары болса).

   Қорытынды:

   Липидтер – өмірлік маңызды заттар, бірақ олардың артық мөлшері денсаулыққа үлкен зиян келтіруі мүмкін.
Өз липидтік спектріңізді білу – ұзақ өмір мен саулыққа апарар алғашқы қадамдардың бірі.

   Маңызды ескерту: дислипидемия жас әрі арық адамдарда да дамуы мүмкін. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстаныңыз, уақытылы медициналық тексерулерден өтіңіз – себебі біздің денсаулығымыз алдын алудан басталады!

   Ақылы медициналық қызмет бөлімшесінің кардиолог дәрігері Лепесова А.

Что такое дислипидемия

This will close in 15 seconds

ЗАКАЗАТЬ ЗВОНОК

Укажите свои контакты и мы Вам перезвоним в ближайшее время