2025 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі қабырғасында мекеменің 95 жылдық мерейтойына арналған қызметкерлер арасындағы шұғыл медициналық көмек көрсету чемпионаты өтті.
Іс-шараның салтанатты ашылуына Ұлттық госпиталь директоры, медицина ғылымдарының докторы Асхат Бралов қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Асхат Бралов мұндай жарыстар тәртіпті, төзімділікті және адалдықты қалыптастыратынын, сондай-ақ командалық рух пен корпоративтік дәстүрлерді нығайтатынын атап өтті. Ол чемпионаттың ұжымның бірлігінің және даму жолындағы талпынысының символына айналғанын ерекше атап көрсетті.
Директордың сөзінен кейін қатысушыларға директордың орынбасарлары мен кеңесшілері де құттықтау сөздерін жеткізді.
Чемпионатқа үш команда қатысты: шұғыл медициналық көмек бөлімшесі, қабылдау бөлімшесі және реанимация бөлімшесі. Қатысушыларға шынайы жағдайларға барынша жақындатылған тәжірибелік тапсырмалар ұсынылды. Олар миокард инфарктісі асқынуларымен көмек көрсету, анафилактикалық шок кезінде жедел әрекет ету, сондай-ақ ауыр жарақаттар жабық бас-ми жарақаты мен сан сүйегінің мойны сынған жағдайда алғашқы көмек көрсету бойынша сыналды. Барлық тапсырмалар халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленді.
Командалардың жұмысын сарапшылар бағалады: Алматы қаласы Жедел медициналық көмек станциясының №7 қосалқы станция меңгерушісі Ермек Асылбеков, Ұлттық госпиталь күндізгі стационарының аллерголог-дәрігері Зарина Джакибаева және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Апаттар медицинасы орталығы» РМК Алматы қаласы филиалы госпитальдық бөлімшесінің басшысы Даниярбек Орман.
Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орынды шұғыл медициналық көмек бөлімшесі, екінші орынды реанимация бөлімшесі, үшінші орынды қабылдау бөлімшесі иеленді. Жеңімпаз командалар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушылар кәсібилігі мен командалық рухын танытқаны үшін алғыс хаттар мен грамоталар алды.
Ұйымдастыруға белсене қатысқан еріктілер де алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.
Чемпионаттың жүргізушісі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшесінің аға медбикесі Жазира Ахунова ерекше алғысқа ие болып, Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ұлттық госпиталь қызметкерлері арасындағы шұғыл медициналық көмек көрсету чемпионаты корпоративтік бірліктің, өзара қолдаудың және кәсіби шеберлікті жетілдіруге деген талпыныстың жарқын көрінісіне айналды. Іс-шара салауатты өмір салты дәстүрлерін нығайтып, мекеменің дамуына жаңа серпін берді.


