– Бүгін мен сіздерге қант диабетімен ауыратын адамдарға қатысты маңызды тақырып – диабеттік ретинопатия туралы айтқым келеді. Қант диабетімен бірге дамып, көру қабілетінің төмендеуіне, ал асқынған жағдайларда тіпті соқырлыққа әкелуі мүмкін – деді 95 жылдық тарихы бар Ұлттық госпитальдің офтальмолог дәрігері Жібек Тажидинова.
Диабеттік ретинопатия – қандағы қант деңгейінің жоғарылауынан туындаған көздің торлы қабығының бұзылуы. Тор қабық бұл жарықты қабылдауға және айналамызды көруге мүмкіндік беретін көздің ішкі қабаты. Бірақ қандағы қант деңгейі ұзақ уақыт бойы жоғары болған кезде, тордың кішкентай қан тамырларын зақымдайды.
🔹Кімдерге аса қауіпті?
– Диабеттік ретинопатия 1 типті немесе 2 типті қант диабеті бар кез келген адамда дамуы мүмкін. Егер, қант диабеті 5-10 жылдан аса уақытқа созылса, қандағы қант деңгейі қадағаланбай және жоғары болса, артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы), артық салмақ, қандағы холестерин деңгейі жоғары болса, темекі шегу, ішімдікті ішу жиі болса, ұйықтай алмай, шаршап, ұялы телефонды ұзақ пайдаланса, офтальмологқа мүлде бармаса қауіп жоғарылайды.
🔹Сіздің көру қабілетіңізді сақтау мүмкін бе?
– Ең бастысы қандағы қант деңгейін бақылаңыз! Қан қысымы мен холестеринді өлшеңіз, оларды қалыпты күйде ұстаңыз. Шылым шегетін болсаңыз, тастаңыз! Жылына кемінде бір рет офтальмологтың тексеруінен өтіңіз. Егер дәрігер ем тағайындаса, кешіктірмеңіз! Диабеттік ретинопатия қант диабетінің ең ауыр асқынуы. Ол симптомсыз болуы мүмкін, бірақ кез келген уақытта өршіп кетеді. Көру қабілетін сақтаудың жалғыз жолы жүйелі түрде тексеріліп тұру және қант диабетін бақылауда ұстау – деді Ж. Тажидинова.


