Бүгін ел өміріндегі айтулы мереке – Республика күні. Бұл датаның тарихына үңілсек, 1990 жылғы 25- қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларацияны қабылданған еді. Осы оқиғаға орай 1995 жылы 25-қазан Ұлттық мереке – Республика күні болып жарияланып, 2001 жыл желтоқсанда «Мемлекеттік мереке» мәртебесі берілді.
Алайда 2009 жылы сәуір айында Республика күнін мерекелеу тоқтатылып, Тәуелсіздік күніне басымдық берілді.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылғы маусым айында Ұлттық құрылтай отырысында Республика күнін мерекелеуді қалпына келтіруді және оған «Ұлттық мереке» мәртебесін қайтаруды ұсынды.
– Республика күні елдің Мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мереке болып қала береді. Тәуелсіздікке зор үлес қосқан батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді Қ.Тоқаев.
Республика күні – елдің бірлігі мен татулығын бейнелейтін мереке. Қазақстан – 130-дан аса этнос өкілдері бас қосқан көпұлтты мемлекет. Дәл осы бірлік пен келісімнің арқасында еліміз түрлі қиындықтарды еңсеріп келеді. Бұл күн – әрбір азаматқа ортақ ерекше мейрам. Республика күні құтты болсын Отандастар!


