Президент Іс Басқармасы Ұлттық госпиталінде Қарттар күні мен аурухананың 95 жылдығына арналған екінші геронтологиялық конференция өтті.
Госпиталь геронтологиялық қызметтің флагманы болып саналады. Бүгінде оның есебінде 187 ұзақ жасаушы бар, олардың оны жүз жастан асқан.
Еуразиялық геронтология қауымдастығының президенті Валерий Бенбериннің айтуынша, клиника дәрігерлері әзірлеген әдістеме әлемдегі ең үздіктердің бірі болып есептеледі. Бұл тәсіл тек дәрі-дәрмекке ғана емес, ағзаны бақылаудан бастап дұрыс тамақтану мен дене жаттығуларына дейінгі кешенді шараларға негізделген.
Оның айтуынша, қазіргі таңда медицина ғылымының қарқыны өте жоғары. Себебі бұл салаға физиктер, химиктер, бағдарламашылар мен жасанды интеллект қосылды. Сондықтан адам 120 жасқа дейін өмір сүре алады.
– Эликсирлер мен жастық шақтың дәрілері туралы әңгімелерді доғаратын уақыт келді. Мұның бәрі өткеннің аңызы. Енді назарды салауатты өмір салтына аудару қажет. 120 жыл өмір сүріп, соның 40-ын ауруханада өткізу ең дұрыс болашақ емес. Қазіргі қоғамның ерекшелігі жастардың денсаулығын нығайтып, ұзақ өмір сүруге ұмтылысы. Бұрын геронтология зейнеткерлерге ғана қызық болса, қазір 18 жастан бастап адамдар өз әлеуетін сақтауға тырысуда. Бұл эволюциялық жол, – деді профессор.
– Тағы бір айтарым, жыныс жасушалары адам өмір сүргенше көбейеді. 85-90 жаста әке болғандар , 56 жасында бала тапқан әйелдер бар. 50 жастағы әйелдер бұрынғы 30 жастағылардай күйде болып, енді ғана өз шыңына жақындайды, – деп атап өтті.
Ұзақ өмір сүру үшін геронтологтар қалыпты тамақтануды, зиянды әдеттерден бас тартуды, сондай-ақ дене мен миды үнемі жұмыс істететін физикалық және ақыл-ой белсенділігімен айналысуды ұсынады.
– Құрметті жасқа жеткен адамдар еңбекқорлар. Олар қоғам мен ел үшін еңбек етті, ал бұл өзің үшін жасағаннан да үлкен қанағат әкеледі. Олар тамақтануда, әдеттерінде және жайлылыққа ұмтылуда ұстамды болған. Шектен тыс жайлылық өмірге арналмаған, ол адамды тез тоздырады. Мұндай жағдайда, адамдар физикалық та, рухани да құлдырайды, – деп қорытындылады Валерий Бенберин.


