НАЦИОНАЛЬНЫЙ ГОСПИТАЛЬ МЦ УДП РК

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

Call center:

Қант диабеті және бүйрек

   Қант диабеті – бұл қандағы қанттың (глюкозаның) жоғары болуымен сипатталатын созылмалы эндокриндық ауыру. Глюкоза – біздің ағзамыз үшін негізгі энергия көзі. Глюкозаны қаннан шығару процесіне және оның ағза тіндерімен сіңуіне  ұйқы безінде өндірілетін  инсулин гормоны жауап береді. Егер ұйқы безі инсулинді жеткіліксіз мөлшерде бөлсе немесе организм өндірілетін инсулинді тиімді пайдалана алмаған болса бұл қандағы глюкоза деңгейінің артуына – гипергликемияға әкеледі. Қандағы  гипергликемия организмнің көптеген жүйелерінің, оның ішінде бүйректердің де елеулі зақымдануына әкеледі.

   ДДҰ мәліметінше, 2021 жылы диабет 1,6 миллион адамның өліміне тікелей себеп болды, бұл ретте диабетпен байланысты барлық өлім-жітімнің 47%-ы 70 жасқа толмағандар арасында болды. Тағы 530 000 өлім жағдайы диабетке байланысты бүйрек ауруларынан туындады.

   Диабеттік нефропатия (немесе бүйректің диабеттік ауруы) қант диабетінің ең ауыр асқынуларының бірі болып табылады. Диабеттік нефропатия дамуының негізгі факторы мен іске қосу тетігі гипергликемия болып табылады. Глюкозаның артық мөлшері бүйрек тамырларын зақымдайды, бұл олардың склерозға ұшырауына, бүйректердің сүзгілеу қызметінің төмендеуіне және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігінің (БСЖ) дамуына әкеледі. Адам ағзасындағы бүйрек қанды улы ыдырау өнімдерінен және түрлі тұздардан тазартады. Бұдан басқа, бүйректер артериялық қысымды реттеуге қатысады. Егер бүйректің бұл қызметі төмендесе ағзада улы заттар мен су жиналады, қанда мочевина мен креатинин мөлшері өседі, бұл бүйрек жетіспеушілігінің дамуын көрсетеді.

   Диабеттік нефропатия өз дамуында бірнеше сатыдан өтеді:

  • микроальбуминурия сатысы;
  • протеинурия сатысы;
  • созылмалы бүйрек жетіспеушілігі сатысы.

   Диабеттік нефропатияның алғаш белгісі – несепте белоктың пайда болуы, оны протеинурия деп атайды. Микроальбуминурия сатысында қандағы глюкозаның жоғарылауыннан басқа белгілері болмауы мүмкін, бірақ несеп талдауларында «жеңіл» ақуыздар – альбуминдер байқалады. Үш-алты ай ішінде кем дегенде 2 рет анықталған 30 мг/тәуліктен астам альбуминурия (АУ) диабеттік нефропатияның белгісі болып табылады. Альбуминуриядан басқа, әсіресе дене жүктемесі кезінде қан қысымының көтерілу эпизодтары байқалуы мүмкін. Бұл кезең өз уақытында анықталса, эндокринологтың өмір салты  бойынша және емдеу жөніндегі кеңестерін сақтау кезінде бүйрек жағдайын қалпына келтіруге болады. Ал протеинурия сатысында диабеттік нефропатияның ТСЖ-ға дейін ілгерілеуін шамалы тоқтатуға ғана болады.

   Диабеттік нефропатия қаупінің факторлары:

  • ұзақ бақыланбайтын гипергликемия,
  • артериялық гипертония (қан қысымының жоғары болуы),
  • артық салмақ,
  • зәр шығару жолдарының инфекциялары,
  • темекі шегу, алкогольды және басқа да психоактивті заттарды қолдану,
  • ерлер жынысына жататындығы.

    Диабеттік нефропатияның алғашқы белгілері қант диабеті ауырудың бесінші жылында пайда болуы мүмкін, ал нефропатияның асқынған белгілері қант диабеті басталғаннан 10-15 жылдан кейін байқалады. Бұл кезеңде түйнектік сүзу жылдамдығының төмендеуі байқалады, артериялық гипертония өте жоғары болады және төмен түсуі қиындайды, гиперхолестеринемия, гипоальбуминемия, перифериялық және қуыстық ісіктер қоса болатын нефротикалық синдром дамиды. Сондықтан ауыр асқынулардың алдын алу үшін диабеттік нефропатияны мүмкіндігінше ерте диагностикалау өте маңызды.

   Диабеттік нефропатияны емдеу

   Диабеттік нефропатияны емдеумен эндокринолог және нефролог дәрігерлер айналысады. Емдеудің негізгі мақсаты нефропатияның ТСЖ- ға дейін өршуін барынша кешіктіру, жүректің ишемиялық ауруының, миокард инфарктісінің, инсульттың, бүйректің ауыр жеткіліксіздігінің даму қаупін төмендету болып табылады. Емдеуде дәрілік және дәрілік емес әдістер қолданылады. Бұл ретте дәрілік емес бөлімі негізгісі болып табылады.

   Диабеттік нефропатияның барлық сатыларын емдеудегі жалпы қағидалар қан глюкозасын, артериялық қысымды қатаң бақылау, минералдық, ақуыздық, липидтік (майлы) алмасулардың бұзылуын уақытылы түзету болып табылады. Диабетті бақылау неғұрлым нашар болса, ауыр асқынулар соғұрлым жоғары болады.

   Диабетті емдеуде тәттілерді (бал, кәмпиттер, газировка), майлы, қуырылған, ысталған тағамдардың болмауы өте маңызды. Нефропатия сатысына қарамастан пациенттерге арнайы тұзсыз, төмен протеинді диета ұсынылады. Дислипидемияны түзету мақсатында тамақтануда жануарлардың майы шектеленеді, сондай-ақ қанның липидтік спектрін қалыпқа келтіретін препараттар тағайындалады. Бұл жүректі қорғау үшін – жүрек-қан тамыры асқынуларының қаупін төмендету үшін қажет.

   Тұрақты дене жаттығулары қант деңгейін төмендетуге, қан қысымын бақылауға, салмақты қалыпқа келтіруге көмектеседі. Темекі шегуден және спирттік ішімдіктерді ішуден бас тарту қажет.

   Диабеттік нефропатияның соңғы сатыларында пациентке гемодиализ жүргізу талап етілуі мүмкін, донорлық бүйректі транспланттау немесе тұрақты перитонеалдық диализ туралы сұрақтар туындауы мүмкін.

   Диабеттік нефропатияның алдын алу.

   Диабеттік нефропатияны толығымен емдеуге болмайды, бірақ оны едәуір тежеуге болады. Профилактика мынадай іс-шараларды қамтиды:

  • қант деңгейін өзін-өзі бақылау, күнделікті жүргізу,
  • артериялық қысымды бақылау,
  • холестерин деңгейін қадағалау,
  • дұрыс тамақтану мен тұрақты дене жүктемесін қоса алғанда, салауатты өмір салтын сақтау,
  • салмақты бақылау,
  • тұрақты медициналық тексерулерден өту,
  • темекі шегуден бас тарту және алкогольді ішуді тоқтату,
  • дәрі-дәрмектерді қабылдау бойынша дәрігердің ұсынымдарын сақтау.

   Әрбір адам бірегей, сондықтан өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, өзінің емдеуші дәрігерімен тиімді ынтымақтастықта болуы өте маңызды.

   Жузенова Мақпал Әділқызы PHD, дәрігер эндокринолог

Сахарный диабет и почки Зож

This will close in 15 seconds

ЗАКАЗАТЬ ЗВОНОК

Укажите свои контакты и мы Вам перезвоним в ближайшее время