Жүрек-қантамыр жүйесі (ЖҚЖ) аурулары – бүкіл әлемдегі өлімнің негізгі себебі. Бірақ мұндай аурулардың 80%-ына дейінін дұрыс емес өмір салтын өзгерту арқылы алдын алуға болады. Темекі шегу, қозғалыссыз өмір салты, ұйқының жеткіліксіздігі, алкоголь мен энергетикалық сусындарды шамадан тыс қолдану ағзаны әлсіретеді. Жүрек пен тамыр ауруларының, соның ішінде инфаркт пен инсульттің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – тұрақты физикалық белсенділік.
Денеге түсетін мөлшерленген жүктемелер қарт адамдар үшін өте пайдалы. Белсенді қимыл-қозғалыс тепе-теңдікті жақсартады, құлаудың алдын алып, оған байланысты жарақаттардан сақтайды, буындардың байлам аппаратын күшейтеді. Ал таза ауада жаттығу ұйқыны жақсартады.
Қозғалыс жүрек пен тамырлар үшін неліктен маңызды?
Қозғалыс кезінде ағзадағы қан айналымы жылдамдайды, зат алмасу жақсарады, тіндерге оттегінің жеткізілуі артады. Нәтижесінде:
- жүрек бұлшықеті күшейіп, қанайналым жақсарады;
- артериялық қысым төмендейді;
- холестерин деңгейі қалыпқа келеді – атеросклероздың негізгі көзі азаяды;
- қандағы қант мөлшері төмендейді;
- дене салмағы қалыпқа келеді;
- күйзеліс пен мазасыздық азаяды.
Қанша уақыт және қаншалықты жиі қозғалу керек?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынады:
- аптасына кемінде 150 минут орташа белсенділік (жылдам жүру, жүзу, велосипед тебу, йога, бау-бақша жұмысы және т.б.);
- немесе 75 минут қарқынды белсенділік (жүгіру, би, аэробика, спорттық ойындар).
Жүктемені апта бойына 3–5 күнге бөлу ұсынылады. Денсаулық көтерсе – күн сайын жаттығуға болады, бірақ шамадан тыс шаршамау қажет.
Қарт жаста қандай белсенділік түрін таңдау керек?
Физикалық белсенділікті таңдау кезінде адамның денсаулығы мен жеке ерекшеліктерін ескеру маңызды. Егер созылмалы аурулар болса, міндетті түрде дәрігермен және емдік дене шынықтыру (ЛФК) нұсқаушысымен кеңесу қажет. Жаттығуды аз жүктемеден бастап, біртіндеп ұзақтығы мен қарқынын арттырған жөн:
- таза ауада жаяу жүру;
- скандинавиялық жүріс;
- би;
- йога немесе пилатес;
- жеңіл фитнес немесе жүзу.
Басты қағида – жүйелілік пен ләззат алу. Күніне небәрі 20–30 минут жаяу жүру инфаркт пен инсульт қаупін азайтады. Жаттығуларға ыңғайлы киім мен аяқ киім қажет, ал жүктеме кезінде өз ағзаңыздың белгілерін қадағалаңыз: жүрек қатты соғуы, әлсіздік, бас айналу байқалса – жаттығуды тоқтатыңыз.
Бүгін жүрегіңізге қамқор болу – ертеңгі мықты денсаулық!
Салауатты өмір салты дәрігері Флюра Камунайқызы Смаилова


