Әрбір қарт адам барынша ұзақ және белсенді өмір сүргісі келеді. Бiрақ жасы ұлғайған сайын олар бұрынғыдай белсенді бола аламайтынын сезеді. Көпшiлiгiмiз мұңы қартықтың басталуы деп түсінеміз. Неге бұлай деген сауал туындауы заңдылық. Бұл процесс ғылыми тұрғыда саркопения деп аталады. Осы тақырыпта Ұлттық госпиталдің салауатты өмір салты бойын ша дәрігері Флюра Смайылова былай дейді:
– Саркопения немесе миопения – бұл табиғи қартаю процесіне байланысты қаңқа бұлшық ет массасының біртіндеп, үдемелі жоғалуы. Бұл – гректің «саркс» (дене,ет) және «пения» (жоғалу, азаю, жетіспеушілік) деген сөздерінен алынған. Мұндай жағдай бұлшық ет функциясының төмендеуіне әкеледі және егде жастағы адамдардың өмір сүру салтына әсер етеді.
ДДҰ мәліметтері бойынша саркопения егде жастағы адамдардың мүгедек болуының басты себептерінің бірі. Өйткені бұлшық еттің массасы мен күші төмендейді. Олар: тез шаршау, жалпы әлсіздік, аяқтың әлсіздігі, тепе-теңдіктің бұзылуы, құлау және сүйек сыну қаупінің жоғарылауы, өзіне қамқорлық жасау қабілетінің төмендеуі.
Саркопения дегеніміз не және ол қалай дамиды?
Саркопения 40 жаста басталуы мүмкін, бірақ 60-65 жастан кейін қарқынды дамиды. Екі негізгі түрі бар: метаболизмнің жасқа байланысты өзгерістеріндегі бастапқы саркопенияда гормондар деңгейінің біртіндеп төмендеп, нәтижесінде нейрогуморальды және метаболикалық бұзылулар пайда болады. Екінші саркопения әртүрлі факторлардың әсерінен пайда болады. Олар: физикалық белсенділіктің аздығы , дұрыс тамақтанбау, әсіресе ақуыз бен D витаминінің тапшылығы сияқты факторлары болуы мүмкін. Саркопенияның бұл түрі асқазан-ішек жолдарының, жүрек- қан тамырының , жүйке-бұлшықет жүйесінің созылмалы ауруларында, онкологиялық патологияда және т.б ауруларда болады. Екінші саркопения кез келген жастағы науқастарда болуы мүмкін. Саркопенияның дамуында «қатты саркопениялық цикл» маңызды рөл атқарады. Бұлшықет массасының біртіндеп жоғалуы оның күшінің төмендеуіне және физикалық белсенділіктің шектелуіне әкеледі. Созылмалы аурулар, дұрыс тамақтанбау және әртүрлі ауырсынулар бұлшық ет кернеуін азайтып, жағдайды нашарлатады. Дене белсенділігінің төмендеуі бұлшықеттерді одан әрі әлсіретеді. Осылайша олар маймен алмастырылып, қауіпті цикл орын алады.
Саркопенияның белгілері
Саркопенияның негізгі белгілері шыдамдылықтың бірте-бірте жоғалуы және бұлшықеттердің әлсіреуі. Мұны көзбен немесе дене салмағы, қол, жамбас немесе балтыр шеңбері сияқты өлшемдер арқылы байқауға болады. Күнделікті әрекеттер кезінде тез шаршау және аздап ентігу де саркопенияның белгілері болуы мүмкін. Саркопения қаупі барларға мыналар жатады: 60–65 жастан асқан адамдар, ұзақ отыратындар , созылмалы аурулары бар науқастар және дұрыс тамақтанбайтын адамдар.
Аурудың қалай алдын алуға болады?
Саркопения адамды әлсіретеді, құлау қаупін арттырады және өмір сүру сапасын төмендетеді. Бірақ оның алдын алуға болады. Оның дамуын бәсеңдетіп, ауырлығын төмендетуге тіпті қартайған кезде де толық қалпына келтіруге болады. Саркопенияны емдеу және дене тонусын сақтау үшін : физикалық белсенділік – бұлшық еттерге жаттығулар, тұрақты күш жаттығулары және аэробты жаттығулар керек. Бастапқыда жеңіл күш жаттығулары (гимнастика, гантель жаттығулары, қарсылық белдеулері) ұсынылып, ұзақтығын біртіндеп арттырады –дейді дәрігер Флюра Смайылова
Күнделікті серуендеу, жүзу, йога т.б өзіңізге ұнайтын нәрселер болуы керек. Ең бастысы – жаттығу жүйелі түрде болғаны жөн. Дұрыс тамақтану, ақуыздың жеткілікті болуы(ет, балық, сүт, бұршақ дақылдары)болуы, Д дәрумені, кальций және сау сүйектер мен бұлшықеттер үшін басқа да қоректік заттар болуы керек. Бастысы – денсаулықты бақылау қажет.
Дәргер Ф.Смайылова сондай-ақ саркопения белгілерін немесе басқа себептерді ерте анықтау үшін дәрігерге жүйелі түрде бару, дене салмағын сақтау және созылмалы ауруларды емдеу, белсенді өмір салтын ұстану керектігін айтады. Сонымен қатар отбасылық және қоғамдық жұмыстарға араласу мен белсенділікті қажет ететін хобби де жақсы көмек болады.
Саркопения – өлім үкімі емес. Оны белсенді өмірсүру салты, дұрыс тамақтану және тұрақты жаттығулар арқылы қалпына келтіруге болады. Адам өз денсаулығына неғұрлым ертерек қамқорлық жасай бастаса, соғұрлым ұзақ өмір сүруге қол жеткізеді –дейді салауатты өмір салты дәрігері Флюра Смайылова.


