Сүт безінің қатерлі ісігі – сүт безіндегі без жасушаларынан дамиды. Бұл – әйелдердегі барлық қатерлі ісіктердің негізгі себебі және осындай жағдайлардың жартысына жуығы қайғылы аяқталады. Статистикаға жүгінсек, шамамен дамыған елдердегі он әйелдің біреуі осы патологияға тап болады. Қазақстанда жыл сайын 5 мыңға жуық сүт безі обыры тіркеліп, мыңнан астам адам қайтыс болады. Бұл жайлы Ұлттық госпитальдің салауатты өмір салты дәрігері Флюра Смайылова былай дейді:
– Ісік көбінесе 40 жастан асқан әйелдерде дамиды, бірақ ол ерте жаста да пайда болуы мүмкін. Тіпті 18-20 жас аралығындағы жас қыз-келіншектерде де кездеседі. Мынандай әйелдерде сүт безі қатерлі ісігінің қаупі жоғары болады: жақын туыстарында – анасында, әжесіне, әпкесінде сүт безі немесе аналық без обыры болған және гормоналды теңгерімсіздік, етеккірдің ерте басталуы немесе менопаузаның кеш келуі бар әйелдер.
Сүт безінің ісіктерінің көпшілігі қатерлі емес. Олар ерте анықталса, дереу емделуі керек, өйткені олар кейінірек қатерлі ісікке айналуы мүмкін.
Қазақстанда 10 жылдан аса уақыт сүт безі обырын ерте анықтау бойынша әйелдерге арналған ұлттық скринингтік бағдарлама жүзеге асырылып келеді. 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер жергілікті емханада тегін скринингтен өтеді. Ерте анықталған жағдайда емдеу 95% сәтті болады. Сүт безі обырын анықтау үшін салыстырмалы түрде қарапайым және ауыртусыз әдістер қолданылады. Ультрадыбыстық зерттеуі – 35 жасқа дейінгі әйелдерде немесе диагнозды нақтылау қажет болғанда қолданылады. Маммография – бұл сүт бездерін рентгендік зерттеу. 40 жастан асқан барлық әйелдерге екі жылда бір рет тағайындалады. Менструальдық циклдің 5-12-ші күндері аралығында маммографиядан өту ұсынылады. Биопсия – бұл өзгерістердің сипатын анықтау және диагнозды растау үшін сүт безі тінін микроскопиялық зерттеу.
Кез келген аурудың алдын алу немесе ерте анықтау оңай, ал онкология жағдайында бұл өте маңызды. Барлық әйелдер міндетті түрде білуі тиіс кеңестер: жылына бір рет маммологқа және гинекологқа бару, скринингтен және жасына сәйкес маммограммадан өту, күнделікті дене шынықтырумен айналысу, салмақты қалыпты ұстау және ішімдік пен шылымнан бас тарту. Сүт безінің қатерлі ісігі – үкімі емес!


