ҚР Президенті іс басқармасының 95 жылдық тарихы бар Медицина Орталығында білікті дәрігерлер мен мейірбикелер ғана емес, қарапайым жұмысшылар тобы да лайықты еңбек етіп келеді. Солардың бірі – медициналық жабдықтар инженері Асанжан Абдукаимұлы Кабилов. Ол Алматы азаматтық авиация қызметі колледжін радиотехника мамандығы бойынша тәмамадаған. Осы ауруханада 25 жылдан бері жұмыс жүр.
– Медициналық жабдықтардың жағдайын тексеріп, дұрыс жұмыс істеуін қадағалау менің міндетіме жатады. Бұзылып қалған жағдайда жөндейміз, қосалқы бөлшектерге тапсырыс береміз. Ұлттық госпиталь – жоғары деңгейде, сапалы қызмет көрсететін медициналық мекеме. Құрал жабдықтарымыз да талапқа сай болуы тиіс деп ойлаймын. Сол үшін барымызды салып еңбек етіп жүрміз -дейді Асанжан Кабилов.
Биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп аталуы да кездейсоқ емес. Қоғамның дамуына әр саладағы мамандардың қосатын үлесі зор, еңбектері бағалы.
– Мен өз мамандығымды мақтан етемін. Жұмысшылардың қолымен талай игі істер атқарылып, халыққа пайдасы тиіп жатыр. Күнделікті өз міндетін мінсіз атқарып, содан ләззат алып жүрген азаматтарға бұл үлкен қолдау деп ойлаймын -дейді өз кәсібінің шебері, Ұлттық госпитальдің медициналық жабдықтар инженері Асанжан Абдукаимұлы.


