Жедел жәрдем көлігі – емдеу мекемесінің артериясы. Дәрігерлер өмірі қыл үстіндегі адамға шұғыл жетіп, алғашқы көмек көрсетуі үшін көлік үнемі қалыпты жағдайда болуы тиіс. Кез-келген емдеу мекемесінде көліктердің тоқтаусыз жүріп тұруы сол салаға жауапты адамның біліктілігіне байланысты. Биыл құрылғанына 95 жыл болған Ұлттық госпитальдің автослесары Қуанышбек Ильясовтың негізгі мамандығы – заңгер. Бірақ бала кезден басталған техникаға, автокөлікке деген қызығушылығынан соң мамандығын ауыстырған.
– Автослесарь мамандығы өзімнің қалауым. Техниканы тексеріп, ақауын жөндеу процесі маған қатты ұнайды. Бала кезден басталған әуестігім осы мамандыққа алып келді. Темірдің аты – темір, кейде адамға бағынбай қоятын кездері болады. Ондайда темір ұстасы, дәнекерлеуші секілді мамандық иелеріне жүгініп, кесу, жалғау, дәнекерлеу жұмыстар арқылы мәселені бірлесіп шешуге тырысамыз –дейді Қуанышбек Қойшанұлы.
Биыл жұмысшы мамандықтары жылы. Десе де қарапайым еңбек адамы болуға ықыласты жастардың қатары әлі көбейе қойған жоқ. Көпшілігі әдеттегідей заңгер, дизайнер, IT маманы сынды «заманауи» мамандықтарға құмар. Жас түлектердің мамандық таңдауы жайлы автослесарь төмендегідей пікір білдірді.


