«Apoplexia est privatio sensus et motus in omnibus nervis»
«Апоплексия (инсульт) – бұл барлық жүйкелерде сезімталдық пен қозғалыстың жойылуы»
Гален
Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күні жыл сайын 29 қазан күні аталып өтіледі. Бұл күн дерттің қауіптілігіне, оның даму себептеріне және алдын-алу әдістеріне назар аудару мақсатында, 2004 жылы Инсультке қарсы дүниежүзілік ұйыммен (WSO) бекітілген. Негізгі мақсаты – инсульттің алғашқы белгілерін ертерек анықтауда маңызды екенін халыққа еске салу және зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсету.
Инсульт туралы не білу керек
Инсульт бұл – бас ми қан айналымының жедел бұзылысы. Соның салдарынан ми жасушаларына оттегі мен қоректік заттар жетпей, олар өле бастайды. Инсульт — бүкіл әлем бойында мүгедектік пен өлімнің басты себептерінің бірі болып табылады. Әлем бойынша жыл сайын инсульттен 7 миллионға жуық адам көз жұмады. Тағы бір алаңдатарлық жайт – соңғы жылдары инсульт 30–40 жастағы, еңбекке қабілетті адамдарда жиілеп барады. Олардың арасында көбісі – ер адамдар.
Инсульттің екі негізгі түрі бар – ишемиялық және геморрагиялық. Екеуі де өте қауіпті, бірақ олардың даму жолдары әртүрлі.
Ишемиялық инсульт (тамырдың бітелуі)
Инсульттің бұл түрі жиі кездеседі (шамамен 10 жағдайдың 8-і). Бұл миды қанмен қамтамасыз ететін тамырда тромбтың, басқаша айтқанда ұйыған қанмен бітелген кезде дамиды. Осыған байланысты мидың бір бөлігіне оттегі жеткізілмейді, нәтижесіне жасушалардың өлуіне алып келеді.
Геморрагиялық инсульт – «тамырдың жарылуы».
Инсульттің бұл түрі мидың қандай да бір тамыры кенеттен жарылып, ми тініне немесе оның қабықтарына қан құйылғанда дамиды, соның салдарынан ми жасушаларына қысым артады.
Инсульттің негізгі себептері мен қауіп факторлары:
- Артериялық гипертония (70% құрайды);
- Тамырдағы атеросклероз;
- Жүрек аурулары (жүрекшелердің фибрилляциясы, жүрек ақаулары, инфаркт ж.т.б.);
- Қантты диабет;
- Темекі шегу;
- Артық салмақ, аз қозғалыс;
- Алкоголь мен есірткі қолдану;
- Созылмалы күйзеліс;
- Ер азаматтар, 55 жастан асқандар, тұқым қуалаушылық.
Инсульттің негізгі белгілері:
- бір жақты қолдың және/немесе аяқтың кенеттен әлсізденуі,
- беттің, аяқ-қолдардың бір жақты кенеттен ұюы,
- беттің қисаюы (асимметриясы),
- сөйлеудің кенеттен бұзылысы,
- есеңгіреу немесе сананың жоғалуы,
- бір немесе екі жақты көру қабілетінің кенеттен бұзылысы,
- белгісіз себептен кенеттен бастың қатты ауырсынуы.
ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН БЕЛГІЛЕР ПАЙДА БОЛҒАН КЕЗДЕ УАҚЫТ ЖОҒАЛТПАЙ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ШАҚЫРЫҢЫЗ!!!
Инсультті алдын-алу тәсілдері:
- Артериялық қысымды бақылау (<130/80 мм сынап. ст.);
- Темекі шегуден және ішімдіктен бас тарту;
- Қандағы глюкоза (қантын) және холестерин деңгейін бақылау;
- Белсенді өмір салтын ұстану (жаяу жүру, жүзу, гимнастика);
- Дұрыс тамақтану (тұзды, майлы тағамдарды азайту, көкөніс пен балықты көбейту);
- Дене салмағын бақылау;
- Аритмия кезінде – дәрігердің ұсыныстарын қатаң сақтай отырып, антикоагулянттарды қабылдау;
- Жүйелі түрде дәрігердің тексерулерінен өту.
Инсультті алдын алуға болады!
Ең бастысы – оның белгілерін білу, денсаулығыңызға көңіл бөлу және уақытылы дәрігерге жүгіну. Естеріңізде болсын: емдеу неғұрлым ерте басталса, соғұрлым адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалу мүмкіндігі артады. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз!
Атжан Ж.К., дәрігер-невропатолог


