НАЦИОНАЛЬНЫЙ ГОСПИТАЛЬ МЦ УДП РК

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ІС БАСҚАРМАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ГОСПИТАЛІ

Call center:

БЕЛГІЛЕРДІ ЕЛЕМЕҢІЗ: ТУБЕРКУЛЕЗ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУІҢІЗ КЕРЕК

   Туберкулез (құрт ауруы)– қоздырғышы туберкулез микобактериясы (Кох таяқшасы) болып табылатын созылмалы жұқпалы ауру. Бактерия өз атауын неміс ғалымы Роберт Кохтың құрметіне алды, ол 1882 жылы 24 наурызда Берлинде туберкулез тудыратын бактерияны ашқаны туралы баяндады, ал 1905 жылы осы ғылыми ашылуы үшін Нобель сыйлығына ие болды. 1908 жылы туберкулезбен («ақ оба») күрестің символы ретінде ақ түсті түймедақ қабылданды. Ол тазалық пен денсаулықтың белгісі болып саналады, сондай-ақ сауығу үшін таза ауа мен жарықтың маңыздылығын білдіреді.

   Туберкулез – адам ағзасының кез келген мүшелері мен тіндерін зақымдай алатын қауіпті ауру: өкпе, тері, сүйек, көз, ми, лимфа түйіндері, ішек, бүйрек. Ең жиі кездесетін түрі – өкпе туберкулезі, ол бұрын «құрт ауруы» деп аталған. Туберкулезбен тек адамдар ғана емес, сонымен қатар үй жануарлары (сиыр, ешкі, шошқа және т.б.) да ауырады.

   Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректеріне сәйкес, әлемде жыл сайын шамамен 10 миллион адам туберкулезбен ауырады. Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезбен сырқаттанушылық 9,9%-ға төмендеп, көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 30,1-ді құрады.

   2026 жылы туберкулезге қарсы күрес науқаны «Иә! Біз туберкулезді жеңе аламыз! Қазақстанның көшбасшылығы. Инновациялар және адамдардың күші» ұранымен өтуде.

Туберкулезді жұқтыру жолдары

   Инфекцияны жұқтырудың бірнеше жолы бар:

  • ауа-тамшы жолы (аэрогендік);
  • тұрмыстық-байланыс бұйымдары арқылы (жалпыға ортақ пайдаланылатын заттар: ыдыс-аяқ, дәретхана керек-жарақтары және т.б.);
  • алиментарлы жол: туберкулезбен ауыратын жануардан шикі сүт өнімдерін жеген кезде тамақ арқылы;

Инфекция жұқтыру қалай жүреді?

   Инфекцияның таралуының негізгі көзі – ашық түрдегі туберкулезі бар науқас адам – бактерия бөлгіш. Сирек жағдайда ауру жануарға күтім жасау барысында сырқатты жұқтыруы мүмкін.

   Сөйлесу, жөтелу және түшкіру кезінде өкпе туберкулезімен ауырған адам қақырық бөлшектерімен бірге қоршаған ортаға қоздырғышты бөледі. Туберкулез микобактериясы ұзақ уақыт бойы пайдаланатын заттар үстінде, тағамда, суда өзінің қасиеттерін сақтайды. Топырақта олар 6 айға дейін, шикі сүтте-2 аптаға дейін, май мен ірімшікте — 1 жылға дейін сақталады.

   Ультракүлгін сәулесі туберкулез микобактериясына зиянды әсер етеді, тікелей күн сәулесі, сондай-ақ қайнату оларды 3-5 минут ішінде өлтіреді.

   Туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқас бір жыл ішінде 10-15 адамға жұқтыруы мүмкін. Инфекцияны жұқтырған барлық адамдар туберкулезбен ауырмайды, өйткені сау иммундық жүйе инфекцияны басады және аурудың дамуына жол бермейді. Бірақ егер адамның иммундық жүйесі әлсіресе немесе науқаспен байланыс өте тығыз және ұзақ болса, онда ауру дами бастайды.

   Қауіп тобына кімдер жатады:

  • туберкулезбен ауыратын отбасы мүшелері;
  • вакцина алмаған балалар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар;
  • онкологиялық аурулардан, қант диабетінен, АИТВ – инфекциясынан зардап шегетін немесе басқа да ауыр созылмалы аурулары бар адамдар;
  • алкогольді, темекі шегуді, психотроптық заттарды пайдаланатындар;
  • ұзақ мерзімді гормондық, сәулелік және цитостатикалық терапия алатын науқастар;
  • бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдар;
  • мигранттар;
  • қанағаттанарлықсыз әлеуметтік – тұрмыстық жағдайда тұратындар.

Туберкулездің белгілері

   Туберкулездің белгілері спецификалық емес, ауру біртіндеп дамиды, сондықтан пациенттер ұзақ уақыт медициналық көмекке жүгінбейді. Негізгі шағымдарға мыналар жатады:

  • 2 аптадан астам жөтел, алдымен құрғақ, содан кейін қақырықпен жөтел, қан аралас болуы мүмкін;
  • түнгі терлеудің жоғарылауы;
  • тәбеттің және дене салмағының төмендеуі;
  • әйелдердегі етеккір циклінің бұзылуы;
  • кеудедегі ауырсыну;
  • дене қызуының 37,0-37,40С шамалы көтерілу кезеңдер;
  • себепсіз жалпы әлсіздік.

   Егер сізде немесе жақын адамдарыңызда бұл белгілер байқалса, дереу дәрігерге көріну керек.

Өкпе туберкулезінің диагностикасы

   Өкпе туберкулезін анықтау үшін флюорография немесе кеуде қуысының рентгенографиясы жүргізіледі, қажет болған жағдайда компьютерлік томография тағайындалады. Зертханалық диагностика қақырық пен қанды зерттеуді қамтиды. Жасырын туберкулез инфекциясын және белсенді туберкулезді анықтау үшін қандағы интерферон-гамма өлшеуге негізделген квантиферон сынағы қолданылады. Балаларға Манту (туберкулин) немесе диаскин сынағы өткізіледі. Қазіргі таңда басқа да заманауи зерттеу әдістері бар, оларды қажет болған жағдайларда дәрігер тағайындайды.

Туберкулездің алдын алу

   Бастапқы кезеңде аурудың айқын белгілері болмайды, ол өзін көрсетпейді, сондықтан профилактикалық шараларға ерекше назар аударылады.

   Балалардағы туберкулездің алдын алудағы бірінші буын – БЦЖ вакцинасын егу (BCG-Bacillus Calmette – Gurin, Кальмет-Герен бацилласы, вакцинаны тапқан ғалымдар атыннан). Бұл нәрестелерді туберкулездің аур түріннен қорғайды. Ол перзентханада 3-5 күнінде вакцина салуға қарсы көрсетілімдері жоқ барлық сау балаларға жүргізіледі. Перзентханада БЦЖ вакцинасын алмаған балалар жылына екі рет Манту сынамасының көмегімен тексерілуі тиіс.

   Екінші буын – иммунитетті нығайту және салауатты ортаны, салауатты өмір салты ережелерін сақтау.

   Үшінші қорғаныс буыны – аурудың алдын алу мақсатында жыл сайын медициналық тексерулерден өту. Бұл өкпе тінінің ыдырауы және жаппай бактериялардың бөлінуі болмаған кезде, демек, пациент айналасындағылар үшін  қауіпті емес кезде ауруды ерте сатысында анықтау және емдеуді тезірек бастауға мүмкіндік береді.

   Туберкулезбен кез-келген адам, тіпті әлеуметтік жағдайы қанағаттандырарлық отбасылар да ауыруы мүмкін, сондықтан бала кезінен бастап иммунитетті сақтау және нығайту өте маңызды. Бұл ережелер өте қарапайым және барлығына қол жетімді: дене шынықтыру және спортпен шұғылдану, жеткілікті дәрумендермен дұрыс тамақтану, еңбек және демалыс режимін сақтау, жаман әдеттерден бас тарту, жеке және қоғамдық гигиена ережелерін сақтау.

   Есіңізде болсын-туберкулезді емдеуге болады! Өзіңізге қамқорлық жасаңыз және әрқашан сау болыңыз!                                    

   Абидкулова А.Е., Терапевт-дәрігер, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің меңгерушісі

 

ЧТО НУЖНО ЗНАТЬ О ТУБЕРКУЛЕЗЕ 1

This will close in 15 seconds

ЗАКАЗАТЬ ЗВОНОК

Укажите свои контакты и мы Вам перезвоним в ближайшее время