Әйелдердің арасында ең жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі – сүт безінің қатерлі ісігі. Бұл ауру әйелдер арасындағы өлім-жітімнің де басты себептерінің бірі болып табылады.
Сүт безі қатерлі ісігінің дамуын алдын алу, емделгеннен кейінгі қайталанулардың алдын алу және толық сауығу мүмкіндігін арттыру үшін профилактикалық шаралар маңызды рөл атқарады. Сондықтан өз денсаулығыңызға мұқият болып, скринингтік тексерулерден уақытылы өтіп, дәрігерге тіпті болмашы белгілер пайда болғанда да жүгіну қажет.
Онколог- маммологтың сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу бойынша негізгі ұсыныстары:
- Айына бір рет сүт безін өз бетіңізше тексеріп тұрыңыз. Мұны етеккір өткеннен кейінгі 5–7 күндері жасау ұсынылады – бұл кезде ісіну мен ауырсыну басылған болады.
- Скринингтік тексерулерден бас тартпаңыз. Қазақстанда 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер үшін сүт безі қатерлі ісігіне скрининг тегін жүргізіледі (тіркелген емханаңызда).
- Стрестен аулақ болыңыз. Бұл тек сүт безі қатерлі ісігінің ғана емес, басқа да көптеген аурулардың алдын алуға көмектеседі.
- Салауатты өмір салтын ұстаныңыз: дұрыс тамақтаныңыз, зиянды әдеттерден, әсіресе темекі шегуден бас тартыңыз.
- Іш киімді дұрыс таңдаңыз. Ол кеудені қыспай, ыңғайлы болуы тиіс.
- Сүт безін жарақаттан сақтаңыз, қабыну процестері болса, дер кезінде емдеңіз.
- Топлесс күйде күнге күймеңіз. Күнге шамадан тыс күйю мен күйік сүт безіне өте зиянды. Бұл автозагарға да қатысты.
- Гормоналды контрацептивтерді тек гинеколог немесе маммолог дәрігердің кеңесімен және бақылауымен қабылдаңыз.
- Жүктілік пен босануды жоспарлаңыз. Кеш босану – сүт безі қатерлі ісігінің қауіп факторы.
- Баланы емшекпен емізуден бас тартпаңыз. Егер медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса, кем дегенде сәбині алғашқы алты ай емізу ұсынылады.
- Дене салмақты бақылаңыз, семіздікке жол бермеңіз. Артық салмақ – сүт безі ғана емес, басқа да онкологиялық аурулардың даму қаупін арттырады.
- Жылына кемінде бір рет гинеколог пен маммологқа қаралыңыз. Бұл әйел денсаулығына қатысты ауруларды ерте анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді.
Ерте диагностикалау және уақытылы, сапалы емдеу — жазылу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Егер сүт безі қатерлі ісігі ерте сатысында анықталса, бес жылдық өмір сүру көрсеткіші дерлік 100% құрайды.
Өзіңізді күтіңіз және әрдайым сау болыңыз!


