Ұлттық госпиталь – ерекше медициналық мекеме. Мұнда Алматыдан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен және шет елдерден де емделушілер келеді. Аурухана айналасындағы тазалық бірден көзге түседі, бұл сала мамандарының еңбегі зор.
Нұрлыбай Ізбасарұлы 2009 жылы ағаш ұстасы ретінде жұмысқа орналасып, 2023 жылдан бері комендант қызметін атқарып келеді. Қазір ол тазалық пен көгалдандыруға жауапты 23 маманды басқарады.
– Әкем Ізбасар Аяпов орман шаруашылығында көп жыл еңбек етті. Сол себепті өсімдіктерге деген қызығушылығым бала кезден қалыптасты. Госпиталь аумағында 526 түп ағаш бар. Олардың арасында күзде гүлдейтін сирек кездесетін «Қызыл ағаш» та өседі. Біз аурухана мен екі емхананың тазалығына жауаптымыз. Жұмысшылар таңғы 8:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Шалғай облыстардан келетіндер де бар, олар жұмысқа таңғы 6:30-7:00 шамасында келіп үлгереді. Ұжымда 30 жылдан астам еңбек етіп жүрген үлгілі Күнболат ағамыз бар. Мен тазалық пен тәртіпті отбасымда балаларға да үйретіп келемін, – дейді Нұрлыбай Аяпов.
Нұрлыбай Ізбасарұлы әріптестерінің жағдайына бейжай қарамайтын, қиын сәтте қолдау көрсететін басшы. Ұжымда бір-біріне көмектесу, әзілмен көңіл көтеру – үйреншікті жағдай.
– Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп аталуына қуаныштымыз. Ең бастысы – әр адам өз ісіне адал болса, оның жемісін көреді, – дейді ол.