Президент іс басқармасы медицина орталығы Ұлттық госпиталінің ірге тасы қаланғанына биыл 95 жыл. Қазақтың бұлбұлы – ән, опера, кино саласына өлшеусіз үлес қосқан Халық әртісі Бибігүл Төлегенова да 95 жаста. Мұны керемет сәйкестік деуге болады. Ұлттық госпиталь ұжымының қызметкерлері әншіні мерейтойымен құттықтап, шаңырағына барды. Өнерімен халықтың қошеметіне бөленіп келе жатқан Бибігүл Ахметқызы дәрігерлермен әңгімелесіп, арқа-жарқа күй кешті. Қазақ әйелінің сұлулық эталоны болған әншінің бұл жайлы өз айтары бар.
– Сырт келбеттің сұлулығы жастық шаққа тән. Жастықтың өзін сұлулық десе де болады. Оның үстіне біз өнер адамдарымыз, киелі сахнаға қалай болса солай шығуға болмайды. Өзімізді күтіп, әдемі болуға тырыстық. Ең бастысы – адамның жүрегінің, жан дүниесінің тазалығы. Мен бақыттымын деп айтудан жасқанатын жанмын. Өйткені өмірдің түрлі кезеңдерін бастан өткіздім. Жұмыр басты пенде ретінде талай сынақтардан да өттім. Әжем айтушы еді: «Өмір деген колеса ғой, айналдырып бір басады. Бірде үстінде, енді бірде астындасың» дейтін. Сөйтсем ол кісі тынымсыз айналатын көліктің дөңгелегін айтады екен ғой колеса деп. Рас, өмір ақ пен қарадан тұрады. Дана халқымыз айтқандай : жастық шақта бейнет бер, қартайғанда зейнет бер деп отырған жайым бар. Өмір өзен секілді ағысы бірде баяу, бірде қатты. Сол ағыспен жылжып, осындай жасқа жетіппін. Қолымнан келгенше өнерге, халқыма қызмет еттім. Ұлттық госпиталь ұжымының қамқорлығына, құттықтауына алғысым шексіз. Барлығына шүкір деймін. Бар тілегім: ел аман, жұрт тыныш болса екен дейді Бибігүл Ахметқызы.