Науқастар дәрігерге барған кезде көбінесе шаршау және жалпы әлсіздік барына шағымданады.
– Көптеген адамдар «созылмалы шаршау» туралы айтады, бірақ біраз демалған соң олардың жағдайы айтарлықтай жақсарады да дәрігерлерге қайта жүгінбейді. Созылмалы шаршау синдромы (CFS) көптеген адамдарда әлсіздік түрінде пайда болуы мүмкін. Ал 6 айдан аса уақытқа созылатын симптомдық белгі адамның өмір сүру салтына кері әсер етеді. Бұл әртүрлі жағдайда байқалады және кейде есебептері түсініксіз дейді – Ұлттық госпитальдің салауатты өмір салтын ұстану бойынша маманы, дәрігер Флюра Смайылова.
Созылмалы шаршау синдромы – бұл үлкен қалалардың тұрғындарына тән. Онда адамдарға әр қадам сайын тітіркендіргіш факторлар (кептеліс, қатты дыбыстар, жарықтандырылған жарнама құрылымдары, ластанған ауа және т.б.) әсер етеді. Мұндай жағдай шаршауға, шамадан тыс жұмыс істеуге, күйзеліске, ашулануға және соның салдарынан созылмалы шаршау синдромына әкеледі. Ауру көбінесе 30-40 жаста дамиды. Бұл ауруға әйелдер ерлерге қарағанда 2 есе жиі шалдығады- дейді СӨС дәрігері Флюра Смайылова. Ресми дерек көздері дәрігерлердің де 15 пайызы күйзеліске тап болатынын, 16 пайызы суицидке баратынын, 27 пайызының емделушілермен жанжалдасатынын анықтаған. Кіші медицина қызметкерлерінің 44 пайызында жиі жан күйзелісі болса, 64 пайызы ешқандай көмекке жүгінбей үнсіз қалады екен. Созылмалы шаршау синдромын емдеу қорғаныс режимін сақтаудан, психоэмоционалды стрессті азайтудан және ұйқыны қалыпқа келтіруден басталады. Ұзақ уақыт шипажайда демалу, қалпына келтіру процедуралары, массаж, жүзу немесе жеңіл гимнастика ұсынылады. Жүктемені бірте-бірте арттыратын емдік жаттығулар шаршауды азайтуға көмектеседі. Сырқаттың алдын алу үшін ұсыныстар: салауатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, ұйқы режимін қадағалау, жатын бөлмеде қажетті жағдайларды сақтау , шамадан тыс психоэмоционалды және физикалық стрессті болдырмау, кофеин мен энергетикалық сусындарды тұтынудан аулақ болу және серуендеу, позитивті ойлау.