Ұлттық госпитальде жастары 90 нан асқан 184 емделуші тіркеуде тұрады. Солардың бірі – 93 жастағы Махаббат Рымқұлұлы Түсіпбеков ақсақал. Өмірін ғылымға арнаған академик қазақ тау-кен металлургия институтында, Бауман атындағы Мәскеудің жоғары техникалық училищесінде білім алған. Мамандығы бойынша бірқатар қызметтер атқарған М.Түсіпбеков 1964 жылдан бастап қазақ политехникалық институтында оқытушы болып еңбек жолын жалғастырыпты.
«Машина жасаудағы өндірістік процестерді автоматтандыру» және «Автоматты машиналарды жобалау» пәндерінен сабақ бере жүріп, автоматтандыру саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Ұстаздық қызметі барысында машина жасау саласы бойынша терминдерді аудару қажеттілігін түсініп, қолға алған. Орысша-қазақша және қазақша-орысша техникалық сөздіктердің 31 томын, оның ішінде «Машина жасау» саласы бойынша №7 томды құрастыруға белсене қатысқаны үшін 2001 жылы ғалымға «Қ Р Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағы берілді .
Академик таяуда 30 жылдан аса ғұмырын арнаған техникалық терминдердің «Қазақша-ағылшынша-орысша» политехникалық сөздігін аяқтапты. « Сабақ беру барысында техникалық терминдерді түсіну студенттерге қиын болғанын білемін. Сол үшін біраз тер төктім. Енді баспадан шығуын күтіп жүрмін, осы еңбегімді студенттердің қолданғанын көрсем арманым жоқ» -дейді ақсақал. Махаббат Рымқұлұлы – профессор ғылыми атағын 1994 жылы алған. Техника ғылымдарының докторы, профессор. Санкт-Петербург халықаралық технологиялық академиясының корреспондент-мүшесі, академик. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Тоқсаннан асқанша қоғамда белсенді өмір сүруімнің бірінші себебі –денсаулығымды күтіп, дәрігерлердің ақыл-кеңесін бұлжытпай орындауым. Екінші -60 жылдан аса апта сайын табиғат аясына , тауға шығуды әдетке айналдыруым. Үшінші – тибет медицинасын оқып, зерттеп керек дүниелерді өмірде қолдануым. Осы жасқа келгенше түйгенім – ой еңбегі, жазу мен оқу да адамның миының қартаймауына көмектеседі.»дейді М.Түсіпбеков