Ұлттық госпиталь қызметкерлері Алматыда тұратын тыл еңбеккері, 90 жастағы Асқар Шантиевтің үйіне барып, Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қария қонақтарды жылы жымиып қарсы алды. Менің «Моторым» (жүректі айтады) – жас жігіттікіндей, тек тізелерім «сыр беріп тұр» деп әзілдеді.
Асқар аға қарапайым отбасында өскен. Ата-анасы соғысқа аттанып, қайтып оралмаған. Бала Асқарды нағашысы бауырына басып, тәрбиелепті. Ол өзге замандастары сияқты соғыс жылдарында таңнан кешке дейін еңбек еткен. Себебі сол кезде Қазақ КСР-нің басты ұраны – «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» болатын.
— Кеңес әскері фашистерді жеңген күні есімде жақсы сақталып қалды. Ол – сол бір ауыр жылдардағы ең тәтті естелік. Бәріміз жылап, қуанып, құшақтасып, ән айтқан едік, – дейді Асқар аға.
Ол өмір бойы еңбек етіп, мұғалім, мектеп инспекторы, интернат директоры, жүргізуші болып жұмыс істеген. Отбасылық өмірі де сәтті болды. Үйленіп, жары сегіз бала: төрт ұл, төрт қызды өмірге әкелді. Бірақ жан жарым дүниеден ерте озды, биыл бес жыл болды, – деп күрсіне еске алады ардагер.
— Менің ұзақ жасауымның себебі — отбасымның қолдауы. Менің отбасым-менің күш жігерім.
Ұлттық госпиталь қызметкерлері еңбек майданының ардагеріне мықты денсаулық пен ұзақ өмір тілеп, азық-түлік себетін табыс етті.
Өз кезегінде Асқар аға қонақтарға батасын беріп , елімізде бейбітшілік болуын тіледі. Сондай-ақ, ҰОС және еңбек майданының ардагерлерін назардан тыс қалдырмай, үнемі барып, денсаулықтарын тексеретін Ұлттық госпиталь емханасының дәрігерлеріне алғысын білдірді.
— Жылы қарым-қатынас жасап, бізге көңіл бөлу ардагерлер үшін мамыр мерекесіндегі ең жақсы сыйлық деп жымиды ақсақал.