Бұл- бас және жұлын қабықтары қабынуында болатын аса ауыр жіті инфекциялық ауру. ДДҰ статистикасы бойынша әлемде жыл сайын 2 миллионнан астам адам менингитпен ауырады. Ауырған 10 адамның біреуі асқынудан қайтыс болса ал әрбір бесіншісі мүгедек болып қалады.
Мамандар менингитті негізгі үш түріне бөледі: бактериялық, вирустық және саңырауқұлақтық. Олардың ең кең тараған және ең қауiптiсi — бұл бактериялық менингит (менингоэнцефалит). Оның қоздырғыштары менингококк, пневмококк бактериялары, сондай-ақ гемофильді таяқша. Ми қабықтарының ауыр іріңді бактериялық қабынуы кезінде өлім-жітім 30-60% -ға жетуі мүмкін! Сирек ауыруды листерия, стафилококк, энтерококк және басқа да микроорганизмдер қоздыруы мүмкін.
Қазақстанда инфекцияны көбінесе менингококктың А, В, С және Y серотиптері шақырады. Елімізде 2018 жылы түрлі өңірлерінде көктемнің аяғында — жаздың басында менингиттің 54 жағдайы тіркелген еді. Өкінішке қарай, 12 адам қайтыс болған, олардың бесеуі балалар.
Жұқтыру жолдары
Менингококк инфекциясы қысқы пен көктемде өршуі мүмкін. Бірақ аурудың жекелеген ошақтары «шомылу» маусымы басталатын жазғы уақытта да байқалады. Аурудың таралу көзі – адам. Ауырған адам инфекция тасымалдаушы болып табылады. Менингит көбінесе ауа арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Сондай-ақ лас қолдар мен тұрмыстық заттар арқылы да жұғады. Ластанған су айдындарында шомылғаннан кейін де инфекцияға шалдығуға болады
Инфекцияның аса қауіпті көздері – бұл менингококкты назофарингитпен ауыратын науқастар. Өйткені олар жөтелгенде және түшкіргенде сыртқы ортаға бактериялар көп мөлшерде бөлінеді. Сондықтан менингиттің өршуі көбінесе адам көп жиналған және желдеткіш құралдары дұрыс жұмыс істемейтін орындарда пайда болады. Менингит ауыруына шалдығатындар 5 жасқа дейінгі балалар, жасөспірімдер және егде жастағы адамдар.
Аурудың ағымы
Аурудың инкубациялық кезеңі — 2 күннен 20 күнге дейін созылуы мүмкін, орташа алғанда 3- 4 күн. Менингококк инфекцияның ерекшелігі – оның түрлі клиникалық ағымдары бар. Белгісіз жағдайда жұқтыру, назофарингитпен өтетін түрі және ең қауіптісі – жалпыланған ауыр ағымы. Бұл іріңді менингит. Көптеген ағзалардың зақымдануымен өтетін менингоэнцефалит, менингококкцемия. Соңғысы ең ауыр түрі. Ол найзағай секілді жылдамдығымен және ауру басталғанан кейін бірнеше сағат ішінде адамның қайтыс болуымен ерекшеленеді.
Бактериялық менингит, әдетте, қарқынды дамиды, науқаста 1-3 күн ішінде дене қызуы 38-40 ° С дейін көтеріледі. Қоздырғыш қанға түскенде кенеттен дене қалтырап, бас қатты ауырып, дене қызуы 40 ° С дейін көтеріледі. Бұл менингококктық сепсис (немесе менингококкцемия) деп аталады.
Менингиттің негізгі белгілері:
- жарықтың, дыбыстың әсерінен күшейе түсетін бас ауруы, әлсіздік;
- дене қызуына дәрі-дәрмек көмектеспей 40 ° С дейін көтерілуі;
- құсу, желке бұлшық еттерінің қатайып, :сырқаттың иегін кеудеге қысуының қиындауы
- сырқаттанған адамдар аяқтарын бүгіп, басын артқа қарай шалқайтып, бір бүйіріне жатады;
- ауыр жағдайда естен тану, көру, сөйлеу және қозғалыстың бұзылуы байқалады;
- менингококкцемия кезінде аурудың алғашқы тәуліктерінде көлемі 5-тен 20 мм-ге дейінгі дақтар пайда болады. Геморрагиялық дақтардың пайда болуы аурудың жағдайының нашарлығын білдіреді;
- бір жасқа дейінгі нәрестелерде ми қысымының көтерілуіне байланысты басындағы бұлақшалары томпайып білінуі мүмкін . Балалар мазасызданып, қатты шыңғырып жылайды.
Вирустық менингит (оны серозды түрі деп атайды) салыстырмалы жеңілдеу өтеді, ауру жұқтырғаннан кейін 3-4 күннің ішінде алдымен қарапайым респираторлық инфекцияға ұқсап басталады, бірақ содан кейін симптомдар тез өсіп, ушығады.
Менингиттің (менингоэнцефалит) алдын алуға болады
Ауру қаупін төмендету үшін профилактиканың жалпы шараларын сақтау қажет:
- Ағзадағы инфекцияның барлық ошақтарын уақтылы емдеу қажет: стоматологиялық аурулар, гайморит, ангина, бронхиттер, өйткені менингококк кейбір адамдарда ағзада тасымалдаушы түрінде ұзақ уақыт болуы мүмкін;
- Жеке гигиена ережелерін сақтау, әрқашан қолды сабынмен жуу;
- Менингитпен ауыратын науқастармен және жөтеліп-түшкіріп жүретін адамдармен қарым қатынасты шектеу.
- Егер науқаспен байланыста болсаңыз, онда жедел зертханалық тексеруден өтіп, инфекционист тағайындаған антибиотиктерді қабылдау қажет.
- Таза сумен жуылған көкөністер мен жемістерді ғана женіз, тек бөтелкедегі суды ішіңіз. Егер мұндай мүмкіндік болмаса суды пайдалану алдында қайнатыңыз;
- Белгісіз және ластанған су қоймаларында шомылмаңыз;
- Салауатты өмір салтын ұстаныңыз, бұл иммунитетті нығайтады.
Вакцинация — бактериялық менингиттің қауіпті түрінен қорғаудың ең тиімді тәсілі
Қазір менингококк, пневмококк және гемофильді таяқшаларға қарсы сапалы вакциналар бар. Егу ағзаны алдын ала инфекциямен кездесуге дайындайды. Егер екпен алған адам менингитпен ауырып қалса, ол соншалықты тез өршімейді және адамның толық сауығуына да мүмкіндік бар. Кейбір жағдайларда егілген ағза инфекцияны өз бетінше жеңе алады.
Қазақстанда пневмококк пен гемофильді таяқшаға қарсы егулер балалардың Ұлттық вакцинация күнтізбесіне еңгізілген. Олар тегін және қолжетімді.
Менингококкқа қарсы вакцина ерікті түрде немесе ерекше медициналық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Қазақстанда менингококкке қарсы вакциналар ақылы түрде жеке меншік медициналық орындарды салынады.
Туристерге және қажылыққа барушы адамдардың назарына:
Егер Сіз шетелге туристік сапарды жоспарласаңыз, онда барар алдында сол елдегі эпидемиологиялық жағдайымен танысыңыз. Ол жаққа бару үшін қандай екпе сі қабылдау керек екенін виза орталықтарынан сұрап алыңыз. Мысалы, АҚШ-қа бару үшін сізде менингококке қарсы екпе болу қажет.
Сауд Арабиясына умра мен қажылық жасауды жоспарлаған қажылар менингококк инфекциясына қарсы егілуге тиіс. Қолында вакцина алған туралы сертификаты болуы қажет. Қажылыққа баратын адам соңғы 3 жыл ішінде және Меккеге келгенге дейін кемінде 10 күн бұрын екпе алуы тиіс.