Көктем – табиғаттың ғана емес, адам ағзасының да жаңаратын кезеңі. Қыстан кейін шаршау, иммунитеттің әлсіреуі және дәрумен жетіспеушілігі жиі байқалады. Сондықтан, көктемді сергек өткізу үшін дұрыс тамақтанып, күтім жасау өте маңызды- дейді Ұлттық госпитальдің гастроэнтеролог дәрігері Нұрила Ерсұлтанқызы Ахаева.
Нұрила Ерсұлтанқызы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің түлегі. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті геронтология курсымен, гастроэнтерология нутрициология кафедрасында резидентурада білім алған. Осы салада 8 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан дәрігермен сұхбаттасып бірнеше сауалымызға жауап алған едік. Көктемде сәуір айынан бастап тамақтануды жеңілдеткен жөн. Ет жеуді азайтып , көкөніс, жеміс-жидектерді көп пайдалану керек. Аскөк, ақжелкен сияқты көкөністі көп тұтынған дұрыс. Сусынға смузи, күнзе (кориандр) қосуға да болады. Оларды жазға қарай қарбыз және баялдымен алмастыруға болады дейді дәрігер. Сондай-ақ спиртті ішімдіктерден мүлдем бас тартқан жөн. Ол ағзаның тазару процесін бұзып, жаңа жасушалардың өсуіне кедергі келтіреді. Сүт өнімдерінің мөлшерін реттеген дұрыс. Салатқа алма сіркесуының жарты ас қасығын қосуға болады. Ол ағзадағы ішек микрофлораларын жақсартады. Суды көп ішу керек. Көбірек қозғалып, жүгіруді қолға алса, ағзадағы қыстан қалған токсиндер термен шыға бастайды. Көктемде мына тағамдарды күнде пайдаланса, ағзада дәрумен жетіспеушілігі болмайды: брокколи, ашытылған қырыққабат, апельсин,пияз,сәбіз.
-Маған адамдар дисбактериоз, колит, ішектер синдромымен және дуоденит, гастрит; өт қабының дискинезиясы, өттегі тас ауруы, холецистит, панкреатит, бауырды май басу, асқазанның ойық жарасы және он екі елі ішектің ауруы, холангит, энтероколит, дисфагия, қыжыл, құсу, метеоризм, іш қату секілді көптеген сырқаттармен келеді. Мұның барлығы дұрыс тамақтанбаудан –дейді Нұрила Ерсұлтанқызы