Жаздың шуақты күндері көпшілік еңбек демалысына шығып,табиғат аясында демалып, күш жинайды. Алайда, кейде осындай демалыста ішек жұқпаларымен ауырып, зардап шегуі мүмкін. Таралу жиілігі бойынша жұқпалы ішек инфекциялары жедел респираторлық-вирустық инфекцияларынан кейін екінші орында. Ішек жұқпаларын қоздыратын микробтар өте көп. Олар адамда , жануарларда да ауру туғызуы мүмкін. Негізгі ЖІИ түрлеріне сальмонеллез, дизентерия, тырысқақ , ротавирусты инфекция, іш сүзегі, паратиф А және В, А гепатиті және т.б.жатады. ЖІИ-мен ауыратындардың 60%-дан астамы балалар.
Аурудың ортақ белгілері:
Ауру көктемнің соңы, жаз және күз маусымдарында байқалады. Ауыз арқылы жұғу жолы ( ауыз арқылы ағзаға түсіп, ішекте көбейеді). Асқорыту жүйесін зақымдап, улану белгілерін тудырады. Белгілері бір біріне ұқсас болады.
ЖІИ көздері:
Ауру адам немесе бактерия тасымалдаушы – олар қоздырғыштарды сыртқы ортаға және суға бөледі. Жеткіліксіз түрде термиялық өңделген тағам, ластанған су, көкөніс пен жеміс, тарақандар, шыбындар, кеміргіштер, ауру жануарлармен және науқаспен тығыз байланыста болу.
ЖІИ негізгі белгілері:
ЖІИ кезінде инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылады және қоздырғышқа байланысты аурудың өзіне тән ерекшеліктері болады. Ортақ белгілері де бар. Дене қызуының көтерілуі,қалтырау, әлсіздік, бас ауруы.Тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу, кейде бірнеше рет құсу. Іштің түйілуі, ауырсыну, сұйық нәжістің күніне 10–12 ретке дейін болуы. Ауыздың құрғауы, шөлдеу, несептің азаюы.
Профилактиканың басты ережелері:
Дәретханадан кейін, тамақтанар алдында, жануармен байланыста болған соң қолды сабындап жуу.Термиялық жақсы өңделген, сапалы және жаңа піскен тағамды қолдану, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу, шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтау. Көкөніс пен жемістерді мұқият жуып, қайнаған сумен шаю, шет елден келген жемістер мен көкөністерді міндетті түрде өңдеуден өткізу, кез-келген су айдындарында шомылмау, бассейінде жүзу кезінде су жұтудан сақ болу. Табиғатқа, демалысқа дайын тамақты ғана алып шығу, оны ашық жерде сақтамау, жұмыртқаны пайдаланар алдында жақсылап жуу. Күмәнді жерден алынған жұмыртқаны шикідей ішпеу. Оны қайнату уақыты кемінде 15–20 минут болуы керек. Себебі, жұмыртқаның сарысында сальмонелла болу мүмкін.Тағамдарды жәндіктер мен жануарлардан аулақ, жабық жерде сақтау қажет.