ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде медициналық көмектің сапасын арттыруға және науқасқа бағдарланған тәсілді дамытуға бағытталған заманауи мейіргерлік қызмет жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Бүгінде Ұлттық госпитальдің мейіргерлік қызметі науқастарға күтім жасауды ұйымдастыру және бақылау жүйесімен ғана шектелмей, ғылыми қызметті дамыту, заманауи технологияларды енгізу, ішкі аудит жүргізу, аккредитацияға дайындық және медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттыру бағыттарын қамтитын маңызды құрылымға айналды.
Қызмет құрамында хирургиялық, терапиялық және өзге де бағыттар бойынша мейіргер ісінің менеджерлері, сондай-ақ ішкі аудит мамандары жұмыс істейді. Науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, күтім үдерістерін стандарттауға және асқынулардың алдын алуға ерекше назар аударылады.
Атап айтқанда, госпитальде ойылу қаупі бар науқастарды сүйемелдеу жүйесі енгізілген. Осы мақсатта әртүрлі бағыттағы мейіргерлерді, физиотерапия және емдік дене шынықтыру мамандарын біріктіретін мультидисциплинарлық топ құрылған.
Ұлттық госпиталь мәліметінше, жүйелі жұмыстың нәтижесінде стационарда ойылудың пайда болу көрсеткіші нөлдік деңгейге жеткізіліп, науқастар тарапынан түсетін шағымдар саны айтарлықтай азайған.
Сонымен қатар мейіргерлердің біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Соңғы екі жылда орта буын медицина қызметкерлерінің білім деңгейі 31 пайызға өскен. Қазіргі таңда бакалавр дәрежесін алатын мамандар саны артып келеді. Бұл мейіргер ісінің кәсіби мәртебесін нығайтып, қызметкерлердің құзыретін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ұлттық госпитальде мейіргерлік қызметті дамытудың заманауи тәсілдері тек мекеме ішіндегі үдерістерге ғана емес, жалпы медициналық көмектің жаңа стандарттарын қалыптастыруға да әсер етіп отырғаны атап өтілді. Мейіргерлер пәнаралық командалардың жұмысына белсенді қатысып, емдеу тактикасын талқылауға және науқастардың кері байланысы негізінде қызмет сапасын жетілдіруге атсалысады.
Халықаралық мейіргер күні қарсаңында Ұлттық госпитальде мейіргерлердің кәсіби жауапкершілігі, жанашырлығы мен күнделікті еңбегі денсаулық сақтау жүйесінің және науқастардың сауығу үдерісінің маңызды бөлігі болып қала беретіні ерекше атап өтілді.


