Кейбір эксперттердің болжамы бойынша таяудағы 6жыл ішінде түрлі сала бойынша жұмысшы мамандығын игерген 400 мың адам қажет болады деседі. Әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы саласы жұмысшылары мен слесарь, сантехник, құбыр жүргізуші секілді мамандықтарға сұраныс артады екен. Біздің кейіпкеріміз Қайсар Төкебаев мамандығына адал жандардың бірі.
Мен осы уақытқа дейін өзім таңдаған мамандығым бойынша жұмыс істеп келе жатырмын. Ертеректе бұрынғы Талдықорған облысы, Көксу ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумын механик слесарь мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Алдымен “Алматы ” шипажайында ал 2009 жылдан бастап Ұлттық госпитальде жұмыс істеймін -дейді Қайсар Әубәкірұлы
Ұлттық госпитальдің инженерлік шаруашылық қызметі бөлімінде 7адам жұмыс істейді. Олардың 6 сантехник болса, бір адам электр дәнекерлеушісі.
– Бөлімінің негізгі міндеті су құбыры, кәріз құбыры және сантехника жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұзылған жерлерін жөндеп, қалпына келтіру. Кезекшілік атқаратын күні жұмыс сағат 8.00ден басталып, келесі күнгі таңғы 8.00ге дейін жалғасады. Аурухананың басқа бөлімдерінің қызметкерлері секілді біз де емделушілер мен науқастардың өмірін сақтап қалуға өз үлесімізді қосып келеміз-дейді сантехник маман
Қ. Төкебаев Ұлттық госпитальде қызметкерлер мен жұмысшы мамандарға жақсы жағдай жасалғанын атап өтті.
-Туған күндерімізде, мерекелерде құттықтап, уақытында еңбек демалысына шығуымызда да ескеріп отырады. Биылғы жыл жұмысшы мамандықтардың беделін көтеріп, абыройын асырған ерекше жыл болды. Қазіргі жастар жоғары білім алып, табысы көп мамандықтарды игеруге тырысады. Бірақ қарапайым еңбек адамы ретінде де өз мамандығының шыңына жетуге болады. –дейді Қайсар Төкебаев.


